Абай аймағы жаңадан құрылғалы бері дүниеге келген алғашқы үшемнің отбасына Семей қаласынан баспана берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әкім Нұрлан Ұранхаев үшемді қосқанда 8 балалы болған жас отбасын құттықтап, 3 бөлмелі пәтер сыйға тарту етті.
«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» - деген дана халқымыз баланы байлық пен берекеге балаған. Сіздер қасиетті Абай жерінде дүние есігін ашқан тұңғыш үшемнің ата-анасы атанған бақытты жансыздар. Келешекте Бегімай, Бек-Мұхаммед пен Бегайым үміттеріңізді ақтап, мерейлеріңізді үстем ететін ұлтымыздың ардақты азаматтары болатынына сенімдімін, – деді Нұрлан Ұранхаев өз құттықтауында.
Айта кетсек, жас отбасы осы уақытқа дейін Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында пәтер жалдап тұрған. Үшем дүниеге келмес бұрын Азамат және Аида 5 баласын тәрбиелеп келген. Олар облыс орталығынан баспаналы болғанына риясыз қуанышты екенін жеткізді.
Қуанышымызда шек жоқ. Облыс әкіміне алғыс білдіреміз. Осыдан бірер апта бұрын өзіміздің өтінішімізді айтқан едік. Көп ұзамай міне 3 бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Кішкене бөбектеріміз үшін бұл үлкен қуаныш. Еліміз, облысымыз дами берсін. Шексіз алғыс айтамыз, – деді көпбалалы отбасы.