Абай облысындағы қауіпсіздік қызметі бақылау мен жауапкершілікті күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Абай облысы полиция департаментінің қауіпсіздік қызметін бақылау бөлімшесі аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын бақылау бойынша белсенді қызмет атқаруда. 2024 жылы бөлім тарапынан бірнеше маңызды тексерулер мен ауқымды шаралар ұйымдастырылып, олардың нәтижесі қауіпсіздік жүйесін жетілдіруде өз ықпалын тигізді.
Бөлім мамандары ең алдымен қауіпсіздік қызметі саласындағы ұйымдарды лицензиялау мәселесіне және олардың жұмысына қойылатын талаптарды қадағалауға ерекше мән берді. Сонымен қатар жеке күзетшілердің білім деңгейі мен кәсіби даярлығы да назардан тыс қалған жоқ.
Осындай қадағалаудың нәтижесінде 2024 жылы саладағы құқықбұзушылықтардың саны 15%-ға азайып, бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін көрсетті. Бөлім қызметкерлері қауіпсіздік ұйымдарының мамандарын кәсіби тұрғыда дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар және жергілікті билік құрылымдарымен өзара тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлді.
Азаматтардың қауіпсіз және тұрақты өмірін қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз. Осыған орай Абай облысында қауіпсіздік қызметі саласындағы бақылау жүйесін нығайту жұмыстарын жалғастырамыз. Құқық қорғау органдары мен жеке күзет ұйымдарының үйлесімді әріптестігі арқылы бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік, – деп атап өтті Абай облысы полиция департаментінің қауіпсіздік қызметін бақылау бөлімшесінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ерболат Енсебаев.
2025 жылы азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіздік қызметі саласындағы құқықтары мен міндеттерін түсіндіру бағытында ақпараттық науқандар ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар қауіпсіздік құрылымдарын пайдалана отырып жасалатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шаралары күшейтілмек.
Қауіпсіздік қызметін бақылау бөлімшесі қоғамдық ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және кәсіпкерлік орта өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, облыс тұрғындары үшін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында өз жұмысын жалғастыруда.