Абай облысында перзентханада көз жұмған ана мен сәбиге қатысты тың дерек шықты

Бүгiн, 08:09
2722
Бөлісу:
Абай облысында перзентханада көз жұмған ана мен сәбиге қатысты тың дерек шықты
Фото: видеодан кадр

Абай облысында босану кезінде сәбиімен бірге көз жұмған 34 жастағы әйелдің өлімінің себебі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сарапшылардың жасаған қорытындысына сәйкес, дәрігерлер әйелге дәріні дұрыс екпегендіктен соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Қара жамылған отбасы кінәлілердің жазаланғанын қалайды.

Әйелім мен баламның өлімінің сараптама нәтижесі шықты. Сараптама осы аурухана дәрігерлерінің кінәлі екенін көрсетті. Әйелімнің тамырына зақым келген. Бұған дейін оның денсаулығында еш кінәрат болмаған. Ол дәрігерлердің қатаң жазаланғанын қалаймын, - дейді Үржар ауданының тұрғыны Ұлан Балапанов.

Еске салайық, қайғылы жағдай 28 қаңтар күні орын алған. Үш баланың анасы Гүлнәр Қайратқызы 27 қаңтарда өз аяғымен перзентханаға барған. Жолдасының айтуынша, денсаулығына ешқандай шағым болмаған. Алайда келесі күні таңнан бері әйеліне хабарласа алмапты. Кешкі 9 шамасында аурухана қызметкерлері көршісі арқылы ауруханаға келуі керектігін хабарлаған. Бір-біріне сілтеген аурухана дәрігерлері жары мен сәбиінің көз жұмғанын айтқан.

Болған жайттан соң ауруханаға комиссия жіберіліп, емдеу мекемесіндегі олқылықтарды анықтаған. Бас дәрігерге қатаң сөгіс жарияланып, оның орынбасарларын қызметінен шеттету ұсынылған. Ал оқиғаға қатысы бар дәрігерлер жағдай анықталғанға дейін жұмыстарынан шеттетілді.

Сараптама нәтижесі әйелдің өліміне мойнына салынған екпеден тамыры зақымдалып, ішке қан кету себеп болуы мүмкіндігін көрсетті.

Абай облысының полиция департаменті Үржар ауданының полиция бөлімшесі медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тексеру басталғанын хабарлайды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тексерудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті Абай облысы ПД тергеу басқармасының басшысы Сұңғат Әділбеков.

Өзгелердің жаңалығы