Абай облысында Халықаралық Жастар күнін мерекелеу 3-12 тамыз аралығында ұлттық жастар онкүндігі аясында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдікке сілтеме жасап.
Іс-шара жұмысқа орналастыру, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамыту, ұлттық сананы нығайту сынды бағдарламаны қамтиды. Жалпы саны 130-ға жуық іс-шара жоспарланған.
"Жастармен бірге" ұлттық жастар онкүндігінің басты мақсаты – жастар белсенділігін дамыту, олардың білім алуы мен өзін-өзі танытуы үшін қолайлы орта құру, сондай-ақ жастардың еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді қатысуын ынталандыру.
Ұлттық онкүндік аясында өткізілетін іс-шаралар өз жеріне және еліне құрметпен қарауды, азаматтық жауапкершілікті, білім алу мен өзін-өзі дамытуды, кәсібилікті, еңбекқорлықты насихаттау үшін жағдай жасайды. Жұмысты тиімді үйлестіру мақсатында ұйымдастырушылық шараларды, іс-шаралар тізбесін және жауапты адамдарды қамтитын іс-қимыл жоспары әзірленеді, - деді Абай облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Төлеуханов.
Сондай-ақ күнтізбеге сәйкес ұйымдастырылатын шаралар барысында үздік деп танылған жастар арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.