Семейге қарай машинаға мініп кеткен 30 жастағы Динара Досымбекованың денесі табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айта кетейік, келіншек 1 апта бұрын жоғалған.
Жергілікті @abainewskz порталының жазуынша, осы жылдың 26 мамырында сағат 10:00 шамасында Бородулиха ауданындағы «Ауыл» стансасынан көлік тоқтатып Семей қаласына қарай аттанып кеткен 30 жастағы Динара Досымбекованың денесі бүгін табылды.
1 маусым күні кешке жақындары жоғалған әйелді табуға ақпараттық көмек сұрап редакцияға жүгінген. Ал бүгін белгілі болғандай, олар полицияға 2 маусымда ғана хабарласқан екен.
2024 жылдың 2 маусымында „102“ арнасына Бородулиха аудандық полиция бөліміне „Ауыл“ стансасының 59 жастағы тұрғыны хабарласып, 26 мамыр күні 1994 жылы туған қызы Динара Досымбекованы табуға көмектесуін сұраған. Полиция қызметкерлері оның жүрген жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлады Абай облысының Полиция департаменті, «LIDER» еріктілер іздестіру қозғалысынан қайғылы хабар келмей тұрып.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі өлімнің себебі анықталып жатқанын мәлімдеді.