Абай облысына Үкімет аппаратының Өңірлік даму және бақылау бөлімінің инспекторы Ұлықбек Тналиев іссапармен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Өңірдегі көктемгі су тасқынына дайындық деңгейін тексеру және қажетті шараларды бақылау мақсатында ұйымдастырылған іссапар барысында инспектор Шүлбі су электр стансасының жағдайымен танысып, су қорының жинақталуына назар аударды. Сондай-ақ мұнда көктемгі су тасқынына қарсы алдын алу шараларын реттеуді тапсырды.
Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Семей қаласы мен барлық аудандарда су тасқыны қаупіне байланысты су арналарын тазалау, қорғаныс бөгеттерін нығайту және қажетті техникаларды әзірлеу секілді алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар бұл жұмыстардың барлығы аймақ басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді.
Үкімет аппаратының өңірлік даму және бақылау бөлімінің инспекторының іс-сапары барысында өңірде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған өзге де шаралар жан-жақты талқыланды.
Сала мамандарының айтуынша, атқарылған жұмыстар көктемгі кезеңде су тасқынының қаупін барынша төмендетуге бағытталған. Инспектор атқарылған шаралардың сапасын бағалап, жауапты мекемелерге су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы аяқтап, толық дайындықпен кіруді міндеттеді.