Абай облысында киберқылмысқа қарсы күрес орталығы ашылды

14 Қараша 2024, 19:54
277
Бөлісу:
Абай облысында киберқылмысқа қарсы күрес орталығы ашылды
Фото: polisia.kz

Бұл заманауи орталық киберқылмыстарға жедел әрекет ету және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы болашақ мамандарды даярлау үшін маңызды алаң болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жоба Alikhan Bokeikhan University-дің құқық факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының қолдауымен жүзеге асырылды. Ол 25 кәсіби полиция қызметкері мен студенттердің күш-жігерін біріктіріп, олардың білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік береді. 

Бұл орталық интернет алаяқтық, хакерлік шабуылдар, жеке мәліметтердің ұрлануы және зиянды бағдарламалық қамтамасыз етудің таралуы сияқты қауіптермен күресуге бағытталған. 2024 жылы облыста интернет алаяқтықтың 597 жағдайы тіркеліп, оның 78 ісі сотқа жіберілді. 

Киберорталықтың құрылуы – киберқауіптер өсіп жатқан заманда қажет қадам. Біз енді цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерге жедел әрекет етіп, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз, – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов. 

Ашылу рәсімінде Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері мен журналистердің қатысуымен баспасөз туры өтті. Шара қонақтары заманауи жабдықтарды және орталықтың жұмысын ұйымдастырудағы бірегей әдісті бағалады. Жиында Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан мен Alikhan Bokeikhan University президенті Шырын Құрманбаева ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті нығайтып, білікті мамандарды даярлау үшін жағдай жасайды. 

Киберорталық біздің студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұндай жағдайда тәжірибелік жұмыс жүргізу цифрлық әлемге қажетті нағыз мамандарды даярлауға мүмкіндік бередіі, – деп атап өтті Шырын Құрманбаева.

Өзгелердің жаңалығы