Түрмеде жазасын өтеп жүрген ер адам әлеуметтік желілер арқылы Баку халықаралық әуежайында дайындалып жатқан теракт туралы жалған ақпарат таратқан. Сот оны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абай облысының ПД баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 2025 жылғы 19 шілдеде болған. №19 мекемеде жазасын өтеп жатқан 31 жастағы ер адам интернетке қосылған ұялы телефон тауып алып, Instagram желісіне кіріп, Баку әуежайында теракт дайындалып жатқаны туралы хабарлама жариялаған.
"Әзілкеш" жарылыс болады деп болжанған нақты орын мен уақытты да көрсеткен.
Заңсыз иеленген ұялы телефонды пайдалана отырып, сотталған адам болжамды қауіптің нақты орнын және уақытын әдейі көрсеткен. Ол мұндай хабарламалардың құқық қорғау және арнайы қызметтердің ауқымды әрекет етуіне, олардың жұмысының дезорганизациялануына, сондай-ақ халық арасында үрей туындауына әкеп соғатынын жақсы түсінген, - деп хабарлады Абай облысының ПД баспасөз қызметі.
Хабарлама жарияланғаннан кейін полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және колония әкімшілігі шұғыл түрде іске кіріскен.
Жалған ақпараттың түсуіне байланысты шұғыл түрде Полиция департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және түзеу мекемесі әкімшілігінің күштері жұмылдырылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде хабарламаның көзі жедел анықталып, ондағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні толықтай жоққа шығарылды, - деп атап өтті ведомствода.
Тергеу барысында ер адамның қасақана әрекет еткені, таратқан ақпараттың жалған екенін білгені, қоғамдық қауіпті салдардың туындайтынын алдын ала болжап, соны қалағаны, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті және мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етудің белгіленген тәртібін өрескел бұзғаны анықталды.
Тергеу қорытындысы бойынша сотталғанның әрекеттері «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру» бабы бойынша сараланды. Сот қарауының нәтижесінде айыпталушыға 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада.