Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының айтуынша, әскерге шақырылғандардың басым бөлігі әскери қызметке аттанып, Ұлттық ұлан қатарын толықтыратын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысының орынбасары – әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы Дмитрий Жерегя атап өткендей, 260 әскерге шақырылушы Қарулы күштер қатарында қызмет етеді.
Ұлттық ұланның болашақ әскери қызметшілері Астана, Алматы секілді өзге өңірлерге жіберіледі. Келісімшарт бойынша қалуға ниет білдірген әскери қызметшілер сол шақырылған қалада қызметте қалуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ мемлекеттік күзет қызметіне үш адамды шақыру жоспарлануда,- деп атап өтті Жерегя.
Көктемгі шақыру 30 маусымда аяқталады.
Облыста 21 мың әскер жасындағы адам тұрады. Оның ішінде кейбірі әскерге жарамсыз, кейбірі түрлі жағдайларға байланысты кейінге қалдырылады. Жігіттердің көбі Астана, Алматы қалаларына және Алматы облысына қызмет етуге барады. Келісімшарт бойынша қызмет ететіндерге толық әлеуметтік пакет, ақшалай жәрдемақы, тұрғын үй төлемдері беріледі. Әскери қызметкер отбасы құрамы бойынша тұрғын үй төлемдерін алады, - деп атап өтті Дмитрий Жерегя.
Департамент басшысы сарбаздардың көпшілігі әскерге шақыру комиссиясына өз бетінше келіп, Отан алдындағы борышын өтеуге жіберуді сұрайтынын айтты.
Комиссия медициналық тексеруден өткізіп, нәтижесі қанағаттанарлық болса, әскерге шақырылушының тілегін орындауға тырысамыз. Шақырылатын контингент саны әскери бөлімдердің өтініштеріне байланысты, - деп қосты Дмитрий Жерегя.
Сондай-ақ департамент қызметкерлері әскери борышын өтеген азаматтар еліміздің 40 жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз және емтихансыз түсе алатынын атап өтті. Қызметте өзін дәлелдеген сарбаздар санатына оқу ақысын төлемей грантқа түсуге мүмкіндік берілген.