Абай облысы жастарының арасынан 226 адам кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредит алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңір тұрғындары өздерінің бизнес-жобаларын табысты жүзеге асыруда.
Микрокредит 5 млн теңгеге дейін кез-келген мақсатқа 5 жылға, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%.
Жоба басталғалы бері Абай облысының тұрғындарынан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға 288 өтінім келіп түсті. Аймақ бойынша конкурстық комиссияның шешімімен 238 өтінім мақұлданып, 1 млрд теңге сомасына 226 микрокредит берілді. Микрокредит алушылар арасында мал шаруашылығы (167) және қызмет көрсету (44), сауда (9), жеңіл және ауыр өнеркәсіп (5), АӨК өнімдерін қайта өңдеу (1) салалары басымдық көрсетуде.
Микрокредит алушылардың басым бөлігі, 85%-дан астамы ауыл тұрғындары.
Несие алушылардың бірі, Абай ауданының тұрғыны Сәулет Әнуаров. Ол жылқы шаруашылығын дамыту бойынша бизнес жобасын іске асыру үшін 4,8 млн теңге микрокредит алды.
Жыл басында микрокредит алуға өтінім бердім, маған 5 млн теңгеге жуық қаражат берілді. Ол ақшаға мен жылқы сатып алып, қазір қымыз өндірумен айналысудамын, – деп бөлісті жас кәсіпкер.
Сәулет Әнуаров Семей қаласының сауда нүктелерінде «Adil kymyz» маркасымен қымыз сатуда.
Естеріңізге сала кетейік, микрокредиттер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген мерзімі 5 жылдан аспаған жағдайда, 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін беріледі. Бұл ретте қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген кезде ескеріледі.
Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 496 жоба мақұлданды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 5 496 жоба мақұлданды, оның 5 068-ін іске асыруға кредиттер берілді.
Микрокредиттер алуға өтінімдер барлық 17 облыста және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қабылданады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарының мекенжайлары төмендегі сілтемеде көрсетілген https://www.agrocredit.kz/ru/main/contacts/affiliates.