Абай мұрасы – рухани кемелділік өзегі

21 Сәуір 2020, 19:25
6148
Бөлісу:
Абай мұрасы – рухани кемелділік өзегі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев хакім Абай жайында айтқан сөздерінің бірінде: "Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс" деген болатын. Сындарлы басқарудың озық үлгісін көрсете білген Тұңғыш президенттің қазақтың бас ақыны жайында осылай тереңнен ой қозғауы тектен-тек емес. 

Өз кезегінде халқының мұң-мұқтажын жоқтап, қараңғы қазақтың көгіне күн болып шыққан, жазба әдебиеттің алғаш негізін салушылардың бірі атанып, пәлсапа мен ғылымнан хабары болған Құнанбайұлы Абайдың даңқы жаһандану заманында да көкке өрлеп жатқаны – оның еткен еңбегі мен төккен терінің зая кетпегені, мәңгілік өнердің өресіне шыққаны.

 

 

Мирей Борис "Оның поэзиясы түнек өмірге қарсы көтерілген алдаспан болды" деп атап өткендей, Абай Құнанбайұлының ғасырлар тоғысында рухани азық болатын шығармаларының басым бөлігі адамзатты жақсылыққа үйретуші, ілім мен ғылымды дәріптеуші, толық адам, яғни нағыз тұлғаның кескіні мен болмысынан хабар беруші, тән ғылымы мен жан ғылымынан да адамды алға бастаушы болып табылады. Дара Абайдың даналығын көрсететін нышан – оның төл туындылары. Абай шығармаларының ғажайып тұсы – олардың өң бойында өсиет пен өнегенің өресі, адамзатқа азық болар асыл сөздің төресі жатуы. Даналықтан дән іздеген жолаушы-адамның Хакім туындыларына соқпай кетуі мүмкін емес.

"Ердің артында көп алтын қалғанша, жақсы аты қалғаны игі: 

Өлер ердің алтын болмай мақсаты, 

Ізгілік қой – қалған болса жақсы аты" деп әдебиетке әр берген Сәйф Сарайи ақын айтқандай, бұның себебі – ақын туындыларында ізгіліктің үстемдік орнатуы, оқырманына тура жолдың тізгінін өз қолымен ұстап беруі. Ақыннан қалған бай мұраны тиісінше қолдана білген жанның мақсат-мұратына мерзімінде жетері хақ. Абай айтқан асыл сөзді ой маржанына тізіп, жүрек сүзгіден өткізіп, көңілге қондырып көрелік.

Ойға алған істі орындамақ үшін, нәпсінің жетегіне ермес үшін, күнкөрісі күнде өзгерген алмағайып дүниеде бақытты болмақ үшін керек қасиет – сабырлылық.

"Сап, сап, көңлім, сап, көңлім! 

Саяламай сай таппай, 

Не күн туды басыңа 

Күні-түні жай таппай? 

Сап, сап, көңлім, сап, көңлім! 

Сабыр түбі – сары алтын" деп дана Абай діннің өзегі саналатын қасиет турасында, бүгіндері психолог ғалымдардың осы тақырыпта дәлелдеп жатқан тұжырымдары жайында осыдан біраз жыл бұрын айтып кеткен екен. Бұл өлеңімен Абай тек қыз таңдаған жігітке керекті ақыл мен нақылды айтып қана қоймай, көңілдің жайлылығы мен шыдамдылықтың ең биік шың екенін, сабырлының мұратқа жететінін көзі қарақты оқырманға жеткізгісі келіп тұрған іспетті. "Асығыс түбі өкініш, ойланып алмақ сабыр сол" деген саналы өлең жолыменен де осы ойды дәйектеп, дәлелдеп тұр.

"Берекеңді қашырма" деген Абай. Берекені қашыратын ұнамсыз қасиеттер – іштарлық, қызғаншақтық, көреалмаушылық. Бұл надандық сүйгеннің бойынан табылатын алғашқы белгілер. Осы белгілердің белінен ұстап, белшесінен батқан адамның бойында ауру пайда бола бастайтыны сізге мәлім бе еді? Тән ауруларын жан сырқатымен байланыстырып зерттейтін бүгінгі күнде көпшіліктің қызығушылығын тудырып жүрген психосоматика ғылымы осы тұжырымды дәлелдеу үстінде. Бұл хақында дара Абай:           

"Баста ми, қолда малға талас қылған, 

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың, 

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың, 

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың" деп, "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" өлеңінде айтып кеткендей, күндестік, көреалмаушылық, қызғаныш секілді жағымсыз қылықтар адам тәнінде болатын гастрит, бүйрек ауруларына апарып соқтырады екен. 175 жыл бұрын ғұмыр кешкен Хакім елінің жағымсыз қылықтары мен билік басындағылардың озбырлығын жырлаған туындысында психосоматиканың бір бөлігі жатқанын сезбеген де болар…

Күллі қазақтың кредосына айналған Абай Құнанбайұлының "Пайда ойлама, ар ойла" деген "Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы" деп басталатын өлеңінен алынған бір ауыз сөзінің астарында қаншама мән мен мағына, үлгі мен өнеге, тағылымды тәрбиенің бастауы жатыр. Адамгершіліктің асыл тәжі – ар мен ұят бар жерде иба мен инабат та, ақыл мен көркем мінездің ұшпағы да болатыны сөзсіз. Дәуірінің дүлділі Абайдың осыншама көрегендікті бір тармаққа сыйғызып қойғаны неткен ұлылық десеңізші!

Көпшілігімізге бала кезден таныс Абайдың "Ақ киімді, денелі, ақ сақалды…" деп басталатын қыстың қытымыр аязы мен кесек келбетін өздігінше бөлек суреттеген өлеңіңде "Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!" деген тармағы Абайдың малшыларға айтқан көңіл сергітер сөзі болып көрінеді. Алайда, астарына үңілсек мақсаттың шыңына жетіп, өз жоспарларыңды жүйелі орындай білу үшін қажырлы еңбектің, қайтпас қайраттың, мұқалмас жігердің қажеттігін көрсетіп тұрғандай. ХХІ ғасырдың "тренд", яғни "жаңаша" тақырыптарының бірі "тайм-менеджменттің" бір ұшпағын осы өлеңнен байқап қалдым. А.Маслоудың "Қажеттілік пирамидасының" алғашқы бөлігін құрайтын физиологиялық қажеттіліктің бірі – ұйқының оңалуы немесе ұйқыны ретке келтіру келте ғұмырдың кереметтілігін кіргізе түсетін айшықты методиканың бірі. Абайдан қалған асыл мұраның бүгінгі күннің жаңашылдығымен байланыста болуы – оның ұлылығын тағы бір мәрте айқындай түседі емес пе?

Халқының біртума ұлы "Он бесінші қара сөзінде": "Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен өзің есеп ал!" деген екен. Әуел бастан адамзатқа берілген "асыл сыйлардың" қадірін кетіріп алатын да индивид яки тұлғаның өзі, я болмаса, әл-Фараби ғұлама айтып кеткендей "Даналық сүйгеннің сүйікті ісі – өзін-өзі жаңғыртып отыру" демекші бойындағы барын даңқтату да өз қолыңда екенін жеткізіп тұр. Адамның алған тәрбиесі мен жақсы қасиеттердің бойына дұрыс даруы оның өзін-өзі бағалауына, өз-өзіне есеп беруіне, өзін-өзі жөнге салып отыруына байланысты.

Барлық этноста қалыптасқан әлеуметтік табиғи және адам болмысын танытатын күрделі құбылыс бар. Ол – күлкі. "Күлкі – шабуын білмесең, өз тірсегіңді өзің қиып түсіретін наркескен қылыш сияқты қатерлі қару" деген екен Әбіш Кекілбаев ағамыз. Адамзаттың өмірін орнымен қолданған уақытта ұзартатын, шегінен асып қолданысқа түссе қысқа ғұмырды одан әрмен келте етуге қауқары жететін бұл құбылыс турасында Хакім Абайдың не дейтіні жайлы білесіз бе? Абай: "Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын" дейді "Төртінші қара сөзінде". Яғни мас күлкінің күлкіге салынған кісіге тән екендігі, ондай жанның ақыл мен ұяттан, шаруадан қол үзетіні мәлім. Ал күлкіге салыну – жалқаулық пен бойкүйездіктің, ісі жоқ адамның душар болатын күйі. Сонда күлкіге салынбас үшін қайтпек керек деген ой туады. Абай бұл тұрғыда тек күлкіге қатысты кеңестер беріп қана қоймай, не істеу қажет деген маңызды сұраққа да жауап беріп кетеді. Хакім күліп жүруден ада бол демейді, орынсыз күлкіге орын жоқ дейді. Орынсыз қылжақ пен ыржақ түбі жақсылыққа апармайтындығын көрсетеді. "Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды" деп өмірдің өресін арттыра түсетін ең әуелгі фактор – еңбек екендігін атайды да,

"Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, 

Ең болмаса еңбекпен мал табалық" деу арқылы орынсыз күлкіден сақтанудың жолы еңбек ету, бір істі жаныңа серік ету деп бекітеді.

Абай салып кеткен сара жолдың ізіне түсіп, сабырлылықты сарапқа салып, надандықтың бас белгілерін бүтіндеп, уақыт пен ұйқының да ауанын шалып, ар ісінің ең ұлы екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, күлкінің қатерлісін айқындап, адамға керек іс – есеп беру мен еңбекті еске түсіріп, ақынның асыл сөздерін дерек те, дәйек те етіп пайдаландық. Бұл ұлы ақынның біз ғұмыр бойы ұстануға тиіс өсиеттерінің көптен бірі ғана. Осы аталған тұжырымдарды тұлға бойында тұтастырып тұратын ең үлкен күш – адамшылық. Оның танылатын аймағы – мейірімділік, өзге адамзат баласын өз бауырыңдай сүю, қадірлеу. "Адамзат бүгін – адам, ертең – топырақ" демекші тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақытты саналы етіп өткізудің де басты құпиясы осында.

"Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, 

Адамның баласы – бауырың" дейді Хакім. Көркем мінез бен кемеңгер ақылдың басты сипаты міне, осы. Адамды сүйгеннің ісі де оңғарылып, сөзі мірдің оғындай, әдептің әсем үлгісін көрсете алатын, мінезі жатқа да, жақынға да майдай жағатын тағдыры тамашаға, күндері көктемге толы тұлғаға айналады.

"Сүйер ұлың болса, сен сүй, 

Сүйінерге жарар ол" деп Абайдың өзі айтқандай, ұлтының мұрасын күллі әлемге паш еткен аты даңқты ұлдың шығармаларындағы әр жанға керек болатын асыл сөздерді шолып өттік. Бүгінгі күннің өзекті мәселелері де Абай шығармаларынан үйлесім тапқанын дәлелдеу арқылы өткен уақыттың әр тұсын тереңінен қозғаған Абай өлеңдерінің бүгінгімен жалғастығын суреттеп, Абай шығармаларына жаңаша леп сыйлап, Хакімнің сүбелі сөздерінің өзектілігін әлі жоймағандығын байқадық.

Сәрсенбай Жанат Асылханқызы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы

Өзгелердің жаңалығы