Абай мен Әл-Фараби мерейтойларын өткізу жөніндегі комиссия отырысы өтті

13 Ақпан 2020, 16:30
1896
Бөлісу:
Абай мен Әл-Фараби мерейтойларын өткізу жөніндегі комиссия отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік хатшы Абай мен Әбу Насыр Әл-Фарабидің мерейтойларын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың отырысын өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақордада Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абайдың 175 жылдық және Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың отырысы өтті. 

Отырысқа қатысушылар Қордай ауданында қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты, қалыптасқан жағдайдың тезірек тұрақтануына тілекестік білдірді
Отырысты ашқан мемлекеттік хатшы Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеудің бастапқы салтанатты рәсімдері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткізілгенін атап өтті. 

Ол сондай-ақ, ұлы ойшылдар Абай мен Әл-Фарабидің ұлағатты мұраларын зерделей келе, олардың ізгі идеяларының түпкі негізі елдің бірлігі мен ынтымағымен үндесетінін тағы да дәлелдеп отырғанын атап өтті. 

Абай өзінің "толық адам" тұжырымын мұра етсе, Әл-Фараби "бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін қоғам – қайырымды қоғам" деген өсиетін қалдырды. Абай мен Әл-Фараби қалдырған әділеттілік пен қайырымдылықтың өнегелік мұраттары мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" атты осы заманғы тұжырымдамасымен үйлеседі, - делінген таратылған ақпаратта.

Комиссия отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы мен "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында жаңа міндеттердің, оның ішінде мерейтойлық іс-шаралардың бағдарлары нақты белгіленгеніне ерекше назар аударылды. Аталған тапсырмалар аясында мемлекеттік комиссиялардың мүшелері мен мемлекеттік органдар Абай мен Әл-Фарабидің рухани мұраларын насихаттау барысында зиялы қауым өкілдерінің және басқа да отандастарымыздың бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған пікірлері мен ұсыныстарын ескеруі тиіс. 

Отырыста мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаевтың, сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықовтың, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  ректоры Ғ.Мұтановтың есептері тыңдалды. 

Жиын соңында орталық және жергілікті атқарушы органдарға мерейтойлық іс-шараларды өткізу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, оларды жоғары идеялық және нақты құндылықтармен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

Өзгелердің жаңалығы