Вице-министр: Абай айтқан құндылықтарды өмірде ұстанатын жандар бар

17 Қаңтар 2020, 18:05
2440
Бөлісу:
Вице-министр: Абай айтқан құндылықтарды өмірде ұстанатын жандар бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласына орай пікір білдірді. Ол Абай айтқан құндылықтарды өмірде ұстанатын жандар – қоғамда бар, алайда олардын санын арттыру қажет деп санайды. 

Президентіміз жылдың басында өте ауқымды, терең ойларын жеткізді. Соның бірін айрықша атап өткім келеді. Бұл – Абай атамыздың қара сөздеріне байланысты. Оны жіктеп алатын болсақ, Абайдың әрбір сөзінен қандай позицияны ұстанғандығы көрінеді. Мәселен, ұлтжандылық, мемлекетшілік, әділдік қоғамын құруға байланысты. Соның бірегейі – «кемел адам» концепциясы. Бұл жерде, Абай атамыз айтады – адамда үш нәрсе бар дейді. Адамның ақылы, қайрат және жүрек. Яғни, ақылмен жасалған дүние әрбір жастың қайрат, жігерімен жүзеге асады. Алға жылжиды. Бірақ, сол қайрат пен жігерді әр нәрсеге әртүрлі жұмсауға болады. Сондықтан да, теріс жұмсамай, қоғамды және өзін дамытуға ақылмен жұмсауы тиіс. Алайда, осы екеуі де тек жүрекпен жасалуы керек дейді. Яғни, жүрек – барлық мәселеде ақыл-кеңес беруші, жол сілтеуші. Үшеуі біріккенде  "кемел адам" бола алады, - дейді Ғабидолла Оспанқұлов. 

 
Ақпарат вице-министрі Абайдың көзқарасын ұлықтаған Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстанда» жариялаған мақаласында көтерілген маңызды бастамалар мен келелі кеңестерді өскелең ұрпақ бойына сіңіргені абзал дейді. Себебі, бұл елдің өркендеуіне септігін тигізеді деген пікірде. 
 

Біз міндетті түрде назар аударуымыз керек. Бүгінгі қоғамда категориясы әр түрлі жастарымыз бар. Бәрін бірдей деп айтуға болмайды. Мәселен, Назарбаев интеллектуалды мектептері бар. Ол жерге іріктеу жүргізілгенде өзінің білімімен, әрекетімен көзге түскендер оқуға қабылданады. Одан бөлек, лицейлер мен тереңдетіп оқытатын мектептер бар. Менің ойымша – ауыл мектебі болсын, қала мектебі болсын, бәріне бірдей мүмкіндік жасалуы керек. Өзіміз де ауылда өстік қой. Ізденген адамға, талантты адамға қандай жағдай жасалмаса да ол жарқ етіп шығады. Ізденген адам өзінің жолын табады. Бұл орайда, ашық айта аламын, ұлы хәкім Абайдың айтып кеткен қағидалары мен құндылықтарын өмірде ұстанатын жандар қоғамда бар. Иә, саны әр түрлі болуы мүмкін. Дегенмен, олардың санын көбейтуге тырысуымыз керек. Өзге жастарға үлгі ретінде паш ету қажет, - деп ол өз сөзін түйіндеді.  


Оның айтуынша, сонда ғана бұл модельді толығымен жүзеге асыра аламыз.
 

Өзгелердің жаңалығы