Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Ұлы Жібек Жолы» атты екі бөлімді балеттің премьерасы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қойылымның музыка авторы – композитор Әйгерім Еркебаева. Идеясы, концепциясы, либреттосы мен хореографиясы театр балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Тұтқыбаеваға тиесілі.
Балет Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын заманауи көзқараспен қайта зерделейді. Тарих пен бүгінгі күнді шебер ұштастыра отырып, қойылым көрерменге уақыт пен кеңістік арасындағы терең байланысты сезіндіреді.
Қойылым цифрлық оқшауланған әлемнен бастау алады. Басты кейіпкер – рухани тереңдігін жоғалтпаған адам. Ол абыз қартпен жолығып, көрерменді ежелгі дәуірге – Ұлы Жібек жолының гүлденген кезеңіне жетелейді.
Бұл әлемде тарихи Шығыстың көріністері, керуен-сарайлар, түрлі мәдениеттердің тоғысқан сауда орындары, базарлар көрініс табады. Сол ортада жас жігіт тазалық пен адалдықтың символындай Ақсұңқар есімді бойжеткенмен танысады. Ол жігіттің жүрегін оятып, шынайы сезімнің бастауы болады.
Алайда олардың бақытын айна сататын венециялық саудагер бұзады. Жылтыраған дүниелермен арбап, ол Ақсұңқарды өзге әлемге алып кетеді.
Жас жігіт сүйіктісін қайтару жолында көптеген сынақтан өтеді. Елестермен бетпе-бет келіп, өз ішкі қорқыныштарын жеңеді. Осы рухани жеңістің арқасында ол өз уақытына оралып, суық қалаға жан бітіреді.
«Ұлы Жібек Жолы» балеті – философиялық мазмұнға толы, тарихи көркемдік пен заманауи сахналық шешімдерді үйлестірген қойылым. Туынды кез келген заман үшін өзекті болып қалатын мәңгілік құндылықтар жөнінде терең ой тудырады.