Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Ақынның туғанына биыл 176 жыл толып отыр. Жыл сайын 10 тамызда Абай күні аталып өтеді. Ұлы ақынның туған күніне орай Мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігі, Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, ақынды ұлықтады.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бұл күн Тәуелсіз еліміздің рухани күні екенін атады.
Ұлы Абайға тағзым етеміз, Ұлы Абайдан жасампаз істерімізге рухани қолдау табамыз. «Біріңді, қазақ,бірің дос көрмесең-істің бәрі бос» деп кеткен ақынның өсиетін орындау парызымыз. Барды бағалап, жоқты саралап, тәуелсіздігімізден жаңылмай, тәуекелден айнымай, тәуелсіздік тасын өрге сүйрелеген халқымыздың жасампаз еңбегінің рухани тірегі Абай болып отыр. Бүгін Абай қасымызда емес деп Тәңірге өкпе айта алмаймыз. Алла Тағала мен қазақ халқына Ұлы Абайды сыйлағаны үшін алғыс айтамыз,-деді Көшербаев.
Өз кезегінде Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өткен жылды Мемлекет басшысы Абай жылы мен оның туған күнін Абай күні деп атағанын жеткізді.
Барша қазақстандықты Абай күнімен құттықтаймын. Біз бүгін Абай күнінде ақынның ескерткішіне кеп ұлықтап жатырмыз. Абай күні мерейлі шаралар өтуі керек. Бұл күн қазақстандықтар үшін есеп беру күні болуы керек. Әр қазақстандық «Мен не істедім, кім болдым?» деген сұрақтарға жауап беруі керек. Сол кезде бұл күннің мазмұны мен мағынасы атына сай болады,-деді Ерлан Сыдықов.
Айта кетейік, Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып бекітілді.