Абаев қызметкерлерінің бір күндік жалақыларын арыстықтарға аударатынын айтты

25 Маусым 2019, 15:29
2016
Бөлісу:
Абаев қызметкерлерінің бір күндік жалақыларын арыстықтарға аударатынын айтты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев есеп беру кездесуін Арыстағы жағдай туралы бастады.

"Жиынды бастамас бұрын, Арыстағы ағайынмен біз де бірге екенімізді айтқым келеді. Кешегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Жарақат алған кісілердің тез сауығып кетуін тілейміз. Біз кеше тағы да елдігімізді таныттық. Осындай тосын оқиғаларда бір жұдырықтай жұмыла білетін бірлігімізді көрсеттік", - деді Абаев.

Министр Арыс қаласынан уақытша эвакуацияланған ағайынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ықылас танытып жатқан азаматтар саны артып жатқанын атап өтті. 

"Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та оқиға орнына арнайы барып, халыққа тиісті қолдау, қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Кешеден бері "Арыс, біз біргеміз атты" акция ұйымдастырылып жатыр. Біз де арыстықтармен біргеміз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қызметкерлері де зардап шеккен қалаға көмек ретінде бір күндік жалақымызды аударамыз. Біздің министрлікке қарасты ұйымдар да осындай қадам жасап жатыр екен. Бұл бастаманы қолдаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын",- деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі есеп беру кездесуінде.

Өзгелердің жаңалығы