Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен барып, Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесу өткіздім.Сондай-ақ іс сапар аясында Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрына арнайы салынған жаңа ғимараттың ашылу салтанаты қатысып қайттым. Бұл шын мәнінде, теріскейдегі бас театрға ғана емес, жалпы ұлт руханиятына ортақ қуаныш десек қателеспейміз. Себебі, бұндай өнер шаңырақтары тек театрдың ғана жүгін арқалап қоймайды, өңірде өтетін барлық әдеби-мәдени іс шараларға есігін айқара ашып, зиялыларымыздың басын жиі қосып отырады.
Сондай-ақ ол еңселі шаңырақпен облыс тұрғындарын құттықтап, ерекше ұйымдастырылған өнер кешінің куәсі болғанын айтып өтті.
Киелі Қызылжар топырағы – әуелден сайын сахараны сахна етіп, сал-серілерге бесік болған берекелі мекен. Бізге Мағжандай асқақ шайыр мен Ғабиттей зергер жазушыны берген қастерлі топырақ әлі талай тарлан тұлғаға тұғыр болуы тиіс. Жаңа өнер ордасы алдағы уақытта төл құндылықтарымыздың сақшысы, ұлт руханиятының шырақшысы, туған тіліміздің жаршысы болады деп сенемін.Сырлы сахнасы сазбен сырласып, табалдырығынан бастап тарихпен тыныстап тұрар жаңа ғимарат барша өнер сүйер қауымның басын қосар ғибрат ордасына айналсын дегім келеді,- деді Дәурен Абаев.