Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жүзден жүйрік шыққан жас саңылақтар марапатталды.
Министрліктің Кубогы үшін жарыстың финалдық кезеңі өте тартысты өтті. Республикалық турнирге еліміздің спорт интернаттары мен колледждерінің 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдері қатысып, бақтарын сынады.
Ел спортын дамыту – барлығымызға ортақ міндет. Соның ішінде жастарға салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызы айрықша. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл спартакиада алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпіріндегі болашақ чемпиондардың басын біріктіретін дәстүрлі спорт мерекесіне айналады деп сенемін. Бір жағынан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан бұл кездесулер жеткіншектеріміздің күш-жігеріне ғана емес, жаттықтырушыларының да жұмысына баға беретін жауапты бәсеке деуге болады. Нағыз жан алысып, жан берісетін қызу жекпе-жекте жеңіс тұғырынан көрінген барлық жүлдегерді шын жүректен құттықтаймын!, – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.