Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қазақстандықтарды 1 наурыз, Алғыс айту күнімен құттықтады.
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл – көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін ықылас пен мейірімге, үміт пен жылулыққа толы мереке екенін айтты.
Құрметті достар! Баршаңызды Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл – көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін ықылас пен мейірімге, үміт пен жылулыққа толы мереке. Көңілден биік, көңілден нәзік дүние бар деп санамаған бабаларымыз "Қарғыс алма, алғыс ал" деген қағиданы берік ұстанған, қилы заманда тағдыр табыстырған өзге де халық өкілдерін бауырына басып, кеңдік танытқан, біздерге де осы мәрт мінездерді мирас еткен. Даму мен өркендеудің жалғыз кепілі – татулық пен бірліктің де түп негізі ризашылықта екені даусыз. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы осы мерекеде өткенге салауат, замандастарына алғыс айтқаны жөн деп санаймын. Өз кезегімде, бүгінгі баянды күнге жетуімізге қызмет қылған және ел ертеңі үшін еңбек етіп жатқан жандарға зор алғыс айтамын!, – деп жазды министр.