Абаев «Артспорт» бағдарламасы қалай жұмыс істейтіні туралы айтты

18 Тамыз 2022, 19:32
1375
Бөлісу:
Абаев «Артспорт» бағдарламасы қалай жұмыс істейтіні туралы айтты

Қазақстандық балалар «Артспорт» бағдарламасы аясында спортпен және шығармашылықпен тегін айналысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алдағы уақытта көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын арттырып, балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында кәсіпкерлерге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев  Алматы облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап беру барысында айтты. Қазіргі уақытта бағдарлама платформасын Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Кейбір балалар үйірмелер мен спорттық секцияларға бармаса да, қызмет көрсетушілердің құжаттарында тіркеліп тұрады, олар өз кезегінде әр бала үшін мемлекеттен ақша алып отыр. Әрі сапа мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Балалар жаттығатын орындарға қойылатын талаптарды күшейтіп жатырмыз. Ол – ғимараттың санитарлық жағдайы, өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау камералары, спорттық және басқа да жадбықтардың болуы. Мұның барлығы балалардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі үшін жасалады. Спорт түріне байланысты жаттығуды қай жастан бастап жасауға болатыны да нақтыланады, - деді министр Дәурен Абаев. 

Айта кету керек, бағдарлама бойынша қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлер мен ата-аналар министрге талаптарды күшейтуге қатысты бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдіріп, балалардың қолымен жасалған бұйымдарды сыйлық ретінде табыс етті. 

Сондай-ақ, Қонаев қаласында өткен халықпен кездесу барысында еңбекақыны көтеру, туризм саласында кадрлар даярлау, спорттық разрядтар беру және т. б. мәселелер талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы