Ақтау мен Үргеніш арасында әуе рейсін ашу жоспарлануда

17 Қыркүйек 2020, 19:12
1928
Бөлісу:
Ақтау мен Үргеніш арасында әуе рейсін ашу жоспарлануда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақтау-Үргеніш-Ақтау» бағытындағы әуе рейсі аптасына 2 рет яғни демалыс күндері қатынайды деп жоспарланған.

Бұл туралы Маңғыстау облысының инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы мәлім етті. 

Бүгін Маңғыстау облысы мен Хорезм облысы әкімдіктерінің өкілдері мен екі елдің әуе компаниялары өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция өтті. Онда Ақтау мен Үргеніш арасында әуе рейсін ашу жайы талқыланды. Қалалар арасындағы барыс-келісті жандандыру «Ұлы Жібек жолы» жобасы аясында жүзеге асады.

Маңғыстау облысының инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы Нұрбек Айтжанов қос ел арасында әуе рейстерін ашу үшін Маңғыстау облысы дайын екенін жеткізді.

Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын барлық салада жандандыруға және одан әрі дамытуға Маңғыстау өңірінің басшылығы атынан тұрақты рейстердің ашылуына қолдау білдіретінімізді жеткіземін. Екі қала арасындағы әуе қатынасы қашан ашылатыны Өзбекстан тарапы толықтай дайын болғанда белгілі болады, - деді ол.

Ақтаудағы Өзбекстанның Бас Консулы Нодиржан Тургунов екі ел арасындағы туризм саласының дамуына оң әсер етеніне сенім білдірді.

Бүгінгі кездесу өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің жемісті алаңы болатынына, Үргеніш пен Ақтау арасында тұрақты рейстердің ашылуы Өзбекстан мен Қазақстан арасында туризм саласының дамуына ықпал ететініне сенім білдіремін, - деді бас консул.

Бейнеконференция барысында Ақтау халықаралық әуежайының директоры Селчук Киледжи мен оның орынбасары Меруерт Жолдыбаева қос елдің туристік әлеуетін арттыру бағытында жаңа жоба ұсынды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жолаушылар, түркі тарихына қызығушылық танытқандар Ыстамбұл арқылы Ақтауға, Ақтаудан Үргенішке ұшып кете алады. Хиуаның сұлулығын көріп, әрі қарай Бұхара, Самарқанд, Ташкент, Түркістан және Үрімші қалаларына баруға мүмкіндік алады. Бұл туристік бағыт үлкен сұранысқа ие болады деген сенімдеміз. Осылайша, Ақтау қаласы туризмнің хабына айналады, - деді Меруерт Жолдыбаева.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи қалаларын қамтитын бірлескен туристік маршруттар мен бағдарламаларды әзірлеу туралы ұсыныс айтылды.


Өзгелердің жаңалығы