Ақтөбеліктер жылу ақысының шарықтап кеткеніне наразы

23 Қаңтар 2019, 19:13
2085
Бөлісу:

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облысында 1 қаңтардан бастап коммуналдық қызметтің 8 түрі арзандады. Ақтөбеліктердің жылу үшін төлейтін ақысы 10 пайызға төмендеді. Алайда, 2018 жылдың желтоқсанына төленетін жылу құны қала тұрғындарын есеңгіретіп тастады. Себебі, жылу ақысы жылдың соңында 2-3 есеге қымбаттап келген.

Қаңтардың басынан ақтөбеліктер желтоқсан айында тұтынған жылу үшін келген төлемақының көптігіне ашулы. Көп қабатты, тіпті жеке тұрғын үйлердің де тұрғындары бір ай ішінде жылу ақысы 2-3 есеге қымбаттап кеткенін айтады. Ал, тұтынушы 25 қаңтарға дейін өткен айдың жылу ақысын төлеп болу шарт.

«Көлемі 44 шаршы метр екі бөлмелі пәтеріме шамамен 7 мың теңгедей төлейін деп отырмын. Бұрын 3 мың теңгедей жылуға ақы төлейтінмін. Қалай есептегендерін білмеймін. Екі есеге көбейіп кеткен. Әлі түсінбей жүрмін. Келесі айды көреміз енді. Жылу тарифін төмендеттік деген еді. 7 мың теңге өте қымбат»,-деді қала тұрғыны Анна Зубцова.

«Қарашада жаққан жылуым үшін 8 767 теңге 49 тиын көрсетілген түбіртек келді. Ал, қаңтарда желтоқсан айы үшін жаққан жылуыма 13 151 теңге жіберіпті. 4300 теңгеден көп шығарып берген. Жаққан жылуыңа байланысты ай сайын түбіртектегі ақының өзгеретінін білемін. Бірақ, мынадай көп болмайтын. Түсінбедім. Жылу тарифі түсті деп жар салды. Сонда мынау қалай?»,-деді «Заречный-4» ауданының тұрғыны.

Облыстағы «Трансэнерго» АҚ мамандары желтоқсандағы көрсеткішті 30 күнге емес, 41 күнге есептеген. 20 қарашадан 20 желтоқсанға дейін бір айлық төлем болса, қалған 11 күннің ақысы ескі бағамен бұл төлемдерге қосылғанын айтады.Түбіртектегі көрсеткіштің бұрынғысынан көп шығып тұрғандығы осыдан. Ал, бұл төлем жаққан жылуға байланысты есептегіш құрылғының санауымен шығарылған деп сендірді. Дегенмен, жылу беруші мекеме жыл басынан бастап тарифті 10 пайызға төмендетті.

«Жылдың соңы болғандықтан есептік кезеңді жабу керек болды. Мәселен, көрсеткіш 20 желтоқсанға дейін алынып отыр. Әрі қарай 11 күні қалып қояды. Осы есептік кезеңді жабу үшін, шығындарды өтеу мақсатында 11 күнді қосып, 2018 жылды жауып отырмыз. Себебі, жылу үшін тарифті 1 қаңтардан бастап 10,2 пайызға арзандатқандықтан жаңа тариф бойынша есептеледі. Сондай-ақ, жылу төлемінің көрсеткіші жылуды тұтынған көлеміне қарай өзгереді. Аяз күндері артуы мүмкін»,-деді «Трансэнерго» АҚ өтім және маркетинг басқармасы төрағасының орынбасары Ерболат Қисықов.

Жаңа тариф бойынша баға есептегіш құрылғысы бар тұрғын үйлерде автоматты түрде есептелінеді. Облыс орталығында 1100 көпқабатты үй жылумен қамтылған. Оның 900-ден көбі жылу есептегіш қондырғымен жабдықталған. «Трансэнерго» АҚ мамандары «азаматтар қаңтардан бастап жылу ақысының айырмашылығын байқайды» деп отыр. Барлығы уақыттың еншісінде. Ал, жыл басында Қазақстан ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин «Ақтөбе өңірінде жылу биыл жалпы 19 пайызға арзандайды» деп айтқан еді. Қазір шаршы метріне 129 теңге 25 тиыннан 116 теңге 33 тиынға түсті. Одан өзге, аймақта тауарлық газды сату бағасы, электр қуаты, пәтер иелері кооперативі қызметтері, лифт қызметі, қатты тұрмыстық қалдық шығару қызметінің құндары төмендеді.

Әсел АБАТ

Өзгелердің жаңалығы