Астана, BAQ.KZ. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалы ақтөбеліктер үшін ерекше жобаны іске қосты. Кез келген салымшылар ипотека алу мүмкіндігін 15 минутта анықтайды. Бұл туралы аktobenews.kz сайты хабарлайды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашып, ақша жинап жүрген кез келген ақтөбелік ипотека алу мүмкіндігін тексеріп, арнайы сертификат ала алады. Қазір Ақтөбеде «Төлем төлеу қабілетін алдын ала растау» жобасы қолға алынды. Салымшы жеке куәлігін алып, банкке барады. Бар болғаны 15 минутта «Төлем төлеу қабілетін алдын ала растау» сертификаты беріледі.
«Несиеге пәтер сатып алу кезінде салымшы көп құжат жинайды. Оған уақыт керек. Төлем қабілетін растау да уақытты талап ететін жұмыс. Банк осы жайды ескеріп, салымшылардың уақытын үнемдеу мақсатында азаматтардың төлем төлеу қабілетін алдын ала анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Төлем төлеу қабілетін алдын ала растаған салымшыға арнайы сертификат беріледі. Бұл сертификат бір айға жарамды болады. Құжатта заем шарттары, яғни, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшысының қай бағдарлама бойынша қанша көлемде несие ала алатыны, аралық заем бойынша және тұрғын үй заемы бойынша несие төлеу уақыты мен пайыздық мөлшерлемесі, ай сайын төлейтін несие мөлшері, қарыз алушы мен қосалқы қарыз алушылар туралы ақпараттар, кепілдік талаптары туралы барлық ақпараттар жазылады», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің маманы Мақсат Зайытов.
Жоба республика бойынша Ақтөбе облысында алғаш қолға алынды. Сертификат әзірге қайталама нарықтағы үйлерді алу несиесін рәсімдеуде ғана жарамды. Бұл құжат болашақта жаңа үйлерге қатысты да жасалатын болады.