Ақтөбеліктер Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлады

1 Мамыр 2019, 17:18
3275
Бөлісу:
Ақтөбеліктер Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлады
Фото: автордан

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде өмір сүріп жатқан қазақтар, орыстар, татарлар, өзбектер, қырғыздар мен немістер, еврейлер және әзірбайжандар, өзге де этнос өкілдері бүгін достық пен татулық, келісім мерекесін бірге тойлады.

Қазақстанда тағдыр тоғыстырған бірнеше ұлттың өкілдері бүгін халықтардың бірлігі күнін атап өтті. Ақтөбедегі 18 этно-мәдени бірлестіктің өкілдері өз ұлттарының әнін айтып, биін билеп, ұлттық тағамдарынан тұрғындарға дәм татқызды. Олардың қазақ халқына алғыстары шексіз.

«Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен құттықтаймын. Елімізде бұл күн жалпыұлттық мереке ретінде қабылданып, бір шаңырақ астындағы барлық этностардың достығының нышанына айналды. «Бірлік түбі - береке» деген дана сөз бар. Еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының да маңызы зор. Ассамблея этносаралық бірліктің бесігі болып, елдің дамуына зор үлесін қосып отыр», - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Ақтөбеліктер Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлады

Өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерін аймақ басшысы Оңдасын Оразалин құрмет грамоталарымен марапаттады. Қазір облыстағы 18 этно-мәдени бірлестіктің жанынан 6 жексенбілік мектеп жұмыс жасайды.

«Мерекемен барша халықты шын жүрегіммен құттықтаймын. Қазақ халқына алғысымыз шексіз. Бұл мерекеде ерекше марқайып қаламыз. Асыға күтеміз. Біз бір бүтін елміз. Бауырмыз, сыйластықта өмір сүреміз. Ел болашағы үшін бірдей еңбек етудеміз. Облыстың дамуына атсалысып келеміз»,-деді "Славяне" бірлестігінің төрайымы Виктория Сурай.

Ақтөбеліктер Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады. Әр ұлттың астарынан дәм татты. Көрмеге қазақтың ұмыт бола бастаған тағамдары да қойылған.

««Қарын бүрме» тағамын көрмеге алып келдік. Ішіне ет, қазы-қарта, жал-жая салып пісіреді. Одан өзге бешбармақ, бауырсақтан тұрғындарға таратып жатырмыз. Еуропа асханасында алып келдік. Ақтөбеоіктердің қызығушылығы жоғары. Таныс емес тағамдардың қалай дайындалатынын әдейілеп келіп сұрап жатыр», - деді Әсем Жаңбырова.

Ақтөбеліктер Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлады

«Өзбекше палау мен самса әзірлеп әкелгенбіз. Дәмді палауға қашанда сұраныс жоғары ғой. Тегін таратамыз. Бүгінгі бірлік мерекесімен барша ақтөбелікті құттықтаймын. Береке-бірлігіміз, татулығымыз арта берсін. Өзге ұлт өкілдерінің арасында достарым көп», - деді Бахадүр Құрбанов.

Ақтөбеліктер Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлады

Спорттық шараларға да ақтөбеліктер белсене қатысты. Алаңда алдымен спорт мектептерінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Кейін тұрғындар да білек сынасты. Күрес, гір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту секілді спорттың бірнеше түрінен бақ сынады. Осылайша, бірлік пен татулық, ынтымақ пен келісімнің символы болған бүгінгі меркені ақтөбеліктер жоғары деңгейде атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы