Ақтөбелік кәсіпкерлер жұмысшыларына үй алып беруге көмектеседі

26 Сәуір 2019, 09:26
1731
Бөлісу:
Ақтөбелік кәсіпкерлер жұмысшыларына үй алып беруге көмектеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Корпоративті» жинақ жүйесін ақтөбелік кәсіпкерлерге таныстырды. Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қарамағында жұмыс істейтін баспанаға мұқтаж отбасыларды қолдап, алғашқы жарна жинауға көмектесуге шақырды. Бұл туралы аktobenews.kz сайты хабарлады.

Ақтөбе қаласының әкімдігінде кәсіпкерлер жиналып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа жобасымен танысты. Яғни, кез келген кәсіпкер өз жұмысшысының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізе алады.

«Жаңа жоба жұмысшылардың баспаналы болуына мүмкіндік береді. Алдымен банк пен заңды тұлға өзара келісімшартқа қол қояды. Онда кәсіпорынның жұмысшыға кепілдікке ақша беретіні, банк есепшотындағы ақша баспана құнының 50 пайызын құраған кезде кепіл ақша кәсіпорынға кері қайтарылатыны жазылған. Яғни, кәсіпкер жұмысшысына ақша береді, жұмысшысы ол ақшаны қайтарады», - деді басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жаңа бағдарламаға кез келген компания, мемлекеттік және коммуналдық мекемелер қатыса алады. Қала әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, қаладағы ірі кәсіпорындар жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға аталған банктен шот ашып, бастапқы жарна салуға, мұқтаж балалардың баспаналы болуына барынша қолдау көрсетіп келеді.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы 13 миллион теңге қаржы бөлді. Бұл ақша 44 балаға бөлініп берілді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қаладағы барлық құрылыс компанияларымен, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің филиалымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Өзгелердің жаңалығы