Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбелік шенділер жемқорлықпен күрес жұмыстарына дін өкілдерінің араласуын сұрады. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов өңірде жемқорлыққа қарсы алынып жатқан шаралардың тұрақты жүріп жатқанын және дін өкілдерімен бірлесіп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Соңғы алты айда сыбайлас жемқорлық санатына жататын 80-нен аса қылмыстық іс қозғалды. Әр түрлі салада жауапқа тартылып жатқан мамандар бар. Түсіндіру жұмыстарына дін өкілдері тартылып жатыр. Оның да оң нәтижесі бар. Бұлардың бәрі кеселдің алдын алуға арналған профилактикалық шара болып саналады. Жемқорлық індетін азайтып, оның қоғамға, мемлекетке, болашағымызға рухани кедергі екенін түсіндіруіміз керек», - деді Мирлан Мұхамбетов.
Облыс әкімінің орынбасары дін қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарына көп көмектесіп отырғанын атады.
«Қазір заман бөлек деген пікір көп айтылады. Бүгінгі күні адам бөлек. Заманды өзгертетін адам. Біз әр уақытта өзімізді ақтау үшін көп мәселені заманға итере саламыз. Қоғамдағы қарым-қатынас, ортамен байланыс, адамның ой-өрісі көп нәрсені өзгертеді. Қазіргі күні қоғамда рухани түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырған дін саласында жүрген азаматтардың еңбегі зор», - деді облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов.
Кездесу барысында түрлі дін ұйымдарының жетекшілері сыбайлас жемқорлықтың қоғамға келтіретін залалы туралы пікірлерін айтты.