Ақтөбеде халықаралық көгершіндер көрмесі өтті

26 Ақпан 2019, 11:42
2349
Бөлісу:
Ақтөбеде халықаралық көгершіндер көрмесі өтті

Астана, BAQ.KZ. Ақтөбенің «Геолог» мәдениет үйінде халықаралық көгершіндер көрмесі өтті. Көрмеге Өзбекстанның, Ресей Федерациясының Қазан, Орынбор аймағының және Шымкент, Тараз, Қызылорда, Атырау, Қарағанды қалаларының құс өсірушілері қатысты.

Көрме аясында көпшілікке бейбітшілік құсының 20-дан астам түрі таныстырылды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары К.Айдарханова мен Ақтөбе қаласы «Алматы» ауданының әкімі А.Әлімбаев тұрғындар мен қатысушыларды құстар мерекесімен құттықтады.

Көрмеге қатысқан құсшылардың ең үлкені – 70 жастан асқан Аманбай Сатыбалдиев. Ол көгершіннің Ақтөбеде жоқ түрлерін ғана асырайды.

«1956 жылдан бері көгершін асырапймын. Өзгелерге «сен өмірге келгенде мен көгершін бағып жүргенмін» деп айтамын. Жасын 72-де. Менің асырауымдағы көгершіндер 8 сағат бойы ұша алады. Мен содан күш қуат аламын. Таңғы 6-да тұрып, бірнеше сағат бойы аспанға қараймын, ұшып жүрген құстың әдемілігіне тамсанамын. Менде көгершіннің ирандық, пәкістандық түрі бар. Бұл құстарға көп адамның қолы жете бермейді», - дейді қария.

Соңғы рет Ақтөбе қаласында көгершіндер фестивалі 2011 жылы өткен. 

«Көпшілікке мәлім, көгершін – бейбітшіліктің, ынтымақтың символы. Сондықтан да бұл басқосуға өзге мемлекеттерден қонақтарды шақырдық, олар белсенді атсалысты. Сонымен қатар еліміздің құс асыраушылар да көптеп қатысты. Әлемде көгершіннің 360-тан астам түрі болса, бүгін соның жиырмадан астам түрін көпшілікке таныстырдық. Енді бұл шараны дәстүрге айналдырсақ деген ойдамыз», - дейді «Ақтөбе құсшылары» қорының мүшесі Нұрбек Қуатов.

Өзбекстаннан келген Надирбек Джабаровтың айтуынша да, адамдадың құстарға деген құрметін арттыратын мұндай басқосулар жалғасын табу керек.

«Бүгін көпшілікке көгершіннің бірнеше түрін таныстырдық. Ақтөбе облысының басшылығына бейбітшілікті насихаттайтын, ынтымағымызды жарастыратын осындай басқосу ұйымдастырғанына ризашылығымды білдіргім келеді», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы