Ақтөбеде «Ауыл қамқоршысы» акциясы басталды

20 Ақпан 2019, 20:22
2891
Бөлісу:
Ақтөбеде «Ауыл қамқоршысы» акциясы басталды

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында былтыр басталған «Ауыл – ел бесігі» ауқымды жобасы биыл да жалғасады. Кәсіпкерлер ауылдың әлеуметтік ортасын жаңғырту бар күштерін салып жатыр. Аймақта «Ауыл қамқоршысы» акциясы басталды.

Былтыр Ақтөбе облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді-мекендерде 2 млрд теңгеге 344 жоба жүзеге асырылды. Жолдар мен көпірлер жөнделіп, білім, медициналық нысандардың материалдық базалары дұрысталғандығы туралы бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Ауылдық жерлерде мәдени нысандар да бой көтерді. Солардың бірі - Алға ауданының Амангелді ауылында ауыл клубы ашылды. «Райымқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов ауылдастарына тұңғыш ауыл клубын сыйлады. Жоба құны – 120 миллион теңгеге жуықтайды.

«Осы ауылда туып-өстім. Мұнда ересектер мен балалар өздерінің бос уақыттарын өткізе алатын ауыл клубы немесе демалыс бағы болған емес. 250 орындық клубтың ғимаратында теннис және бильярд үстелдерімен жабдықталатын екінші зал бар. Ал, быил клуб жанын абаттандырғым келеді. Үлкен бақта шыршалар отырғызып, гүлзар жасалады. Құны 25 миллион теңге болатын қоғамдық монша да салуды жоспарлап отырмын. Өзге кәсіпкерлер де бастаманы қолдап, туған ауылдарына көмектесіп, қолдау білдіреді деген сенімдемін»,- деді Самат Қалдығұлов.

Алға ауданының тумасы Шамиль Каспранов аудандағы Тамды ауылында дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеп берді. Жөндеу жұмыстарына 30 миллион теңге қаржы жұмсалған. Емдеу мекемесінде науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Аймақта әлеуметтік осал топтағы халыққа көмек көрсету басымдық берілді. Былтыр Қарғалы ауданының Петропавл ауылында ата-анасыз қалған үш азамат баспаналы болды. Жалпы алаңы 163 шаршы метр болатын үйлер су, жарық, көгілдір отынмен жабдықталған. Үш пәтерлі баспананы кәсіпкер Ерзат Әлиқұлов салып берген. Құны 25 миллион теңге. Ырғыз ауылында да жетімдер пәтерлі болғды.

«7 отбасыға баспана сыйладық. Отбасылы жетімдер. Жеті пәтерлі тұрғын үйді абаттандыруға 47 миллион теңге қаржы жұмсалды. Одан өзге, пәтер иелерінің жұмысқа тұруына қолдау білдірдік»,-деді «Наурыз-СИМ» ШҚ директоры Ибрагим Сәрсенбаев.

Биыл ақтөбелік кәсіпкерлер туған ауылдарына  3 миллард теңгеден астам қаржыға қолдау көрсетеді. 200-ге тарта елді-мекенде 300-ден көп жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. . Кәсіпкерлер Қобда ауданының Қаракемер ауылындағы алпыс орындық мектептің, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылындағы жабық спорт кешенінің, Мәртөк ауданының Хазрет ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Шалқар қаласындағы Жастар сарайының және т.б. құрылысын қаржыландыру міндетін мойындарына алды.

Әсел АБАТ
Өзгелердің жаңалығы