Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абат Байтақ қорымына келушілер саны жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері 750 адам барған. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.
Қобда ауданындағы Абат Байтақ қорымына 2013 жылы түнек үйі салынған болатын. Қазіргі уақытта қорымды малдан қорғау үшін арнайы қоршауға алынды. Мұнда студенттер мен оқушылар жиі келеді. Өңірге келген қонақтар да арнайы келіп, құран бағыштауды әдетке айналдырған.
«Түнек үйінде 60 адамға арналған ыдыс-аяқ, демалыс бөлмесі бар. Тамақты кез келген адам өзі дайындап алады. Абат Байтақ туралы мағлұмат беретін ақпарат жинақталған. Газет-журнал оқып, танымын кеңейтуге мүмкіндік бар. Келушілер өте көп. Жыл басынан бері 750 адам келді. Жаз айында аудан оқушылары аралады. Еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылар осында ғылыми жобаларына қажетті мәлімет алып жүр. Лагерь балалары да ағылып жатыр», - деді Қобда аудандық музейінің меңгерушісі Қонысбек Шакенов.
Хромтау, Әйтеке би аудандарының оқушылары көп келген. Тарих саласын таңдаған студенттер де бар.
«Қорымда Талдысай тұрғындарының жақындары емес, қалада тұратындардың туыстары жерленген. Сондықтан осы қорымға келіп, ас беретіндер кездеседі», - деді Қонысбек Шакенов.