Астана, BAQ.KZ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай хабарлады.
Оның айтуынша, 2018 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 228,2 млрд теңгені құраған. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
Жалпы жиналған астықтың көлемі 514 мың тоннаны құраса, суармалы жерлердің көлемі 30,2 мың гектарға дейін өсті, егіс алқаптарының көлемі 731,4 мың гектарға дейін жеткізілді.
Ірі қара мал басы 9% – ға, жылқы 14,2% – ға, ет өндірісі 7,8% - ға, сүт 3,9% - ға және тауық жұмыртқасы 24,4% - ға өсті.
Былтырғы жылы облыстың ауыл шаруашылық құрылымдары қаржы институттары мен микрокредиттік ұйымдардың 25,4 млрд теңге көлемінде несиелерін пайдаланды.
Өңірде ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы жерлері электрондық картаға енгізіліп, жыртуға жарамды 700,9 мың гектар жер және 52,3% жайылымдық, 68,2% шабындық жерлер толығымен цифрландырылды.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіншілік элементтерін дәлме-дәл енгізуге қашықтықтан суару құрылғыларын қолдана отырып, қазіргі заманғы технологияларды пайдаланады. Мал шаруашылығында жылқылардың орнын бақылау үшін GPS датчиктерінің көмегімен спутниктік навигация қолданылады. Смарт-фермалар құру жұмыстары басталды. Жалпы алғанда, қазіргі уақытта өңірде 190-ға жуық ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмыс жасайды, олардың басты мақсаты ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру болып табылады. Бүгінгі күні кооперативтермен 2,9 мың тоннадан астам ет, 1,7 мың тонна сүт өндіріліп, сатылды», - деді басқарма басшысы.
Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салаларында 263 жоба іске асырылды, оның ішінде өткен жылы 75 жоба жүзеге асты. Сүт бағытындағы ешкілерді өсірумен - 57, 17 – ара, 38 – қоян, 58 – бөдене және т.б. өсірумен шаруашылықтар айналысуда.
Өңіраралық кооперация шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерімен, сондай-ақ Ресей Федерациясының және Өзбекстанның жақын облыстарымен ынтымақтастық жолға қойылған. Олардың арасындағы тауар айналымы 13,8 млрд теңгені құрады,бұл көптеген азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге және бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді.
«2018 жылдың қараша айында облыстың 2019-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі өңірлік бағдарламаға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді. Оны жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы басқармасында жобалық кеңсе құрылып, осы жұмыс шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 9 басым бағыты бойынша одан әрі іске асыруды талап ететін 208 жобаның тізбесі анықталды. Оларды іске асыру қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын және осы саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді», - деді Құсайын Сәрсембай.