Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Кеңсахара ауылдық округінде 130 ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатысуымен көшпелі семинар өтті. Бұл туралы aktobenews.kz сайтында хабарланды.
«Ақтөбе облысында мал шаруашылығы, мал азығы және көкөніс өндірісінің дамуы» тақырыбындағы ауқымды шара Мәртөк ауданының аумағында ұйымдастырылған. Көшпелі семинарға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Тағымов, Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің басшысы Еркебұлан Ахметов арнайы келді.
«Елбасы аграрлық секторды экономиканың драйвері ету туралы тапсырма қойды, осы тапсырманы орындау үшін Үкімет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетілуде. Өңірде мал шаруашылығы саласына 2019 жылы 5,7 млрд теңге бөлінді. Субсидия 391 шаруашылыққа аударылды», - деді Оңдасын Оразалин.
2019 жылдың 6 айында облыста 69,5 мың тонна тірі салмақта ет өндіріліп, көлем 105,6% артқан, сүт тиісінше 163,7 мың тонна, 103,1%, жүн – 1919,3 тонна, 102,3% өскені байқалады. Асыл тұқымды мал бас саны да артуда. Ауыл шаруашылығы малдарының барлық түрлері бойынша өсім 102-112% құраған.
Шаруашылықтар тарапынан түскен өтінімдердің көптігіне байланысты және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға АШМ-ға қосымша 5,9 млрд теңге қаржыға бюджеттік өтінім берілген. Облыста мал шаруашылығында өндірілетін өнім, мал басы жыл сайын артып келеді.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша шет елдерден ІҚМ аналықтарын импорттау тапсырмасы 16 мың бас, қой аналықтарын сатып алу тапсырмасы 30,0 мың қой болса,бүгінгі күні 10 301 бас ІҚМ және 18 844 бас қой сатып алуға өтінім мақұлданып, шаруашылықтар сатып алуға кірісті. Сиыр етін экспорттау жоспары 4 мың тонна болса, бүгінгі күні барлығы 2 мың тонна сиыр еті және 60 тонна қой еті және 485 тонна шошқа еті экспортталды», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Басқосудан соң, облыс басшысы бастаған делегат сүт өнімдерін өндіруші «Мәртөк Сүт» кәсіпорнының жұмысын көрді. 2004 жылдан бастап іске қосылған зауыт тәулігіне 30 тонна сүт өңдейді. Шикізатты сатып алуды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен және аудан тұрғындарымен бірге жүзеге асырады.Кәсіпорын сүт, йодталған сүт, айран, ряженка, варенец, снежок, қаймақ, брынза, май, сүзбе массасын өндіреді.