2025 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздің барлық өңірлеріндегі мәдениет нысандарында кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір министрлікке қарасты төрт ұйымның, оның ішінде үш театр мен бір музей ғимараттарының реконструкциясы басталды.
Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде шатырды жаңарту, залдардың еден жабындысын ауыстыру, қабырғаларды жөндеу және қозғалысы қиын азаматтар үшін тактильді тақталар орнату арқылы аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жақын арада музей қонақтарына жайлы жағдай жасау мақсатында және экспонаттардың сақталуын қамтамасыз ететін заманауи климат-бақылау жүйесі орнатылады.
Жөндеу жұмыстары аясында музейдің Шығыс залдары мен кіріспе залының реэкспозициясы да жоспарланған.
Аталған шаралар еліміздің мәдени деңгейін көтеруге және өнер нысандарына барлық санаттағы келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.