Ақмола облысында жалған диплом пайдаланған мұғалімдерге айыппұл салынды

6 Қыркүйек 2019, 02:27
2564
Бөлісу:
Ақмола облысында жалған диплом пайдаланған мұғалімдерге айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы Біржан сал ауданының прокуратурасы оқушылардың сапалы орта білім алу құқықтарын қорғау мақсатында Білім туралы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.

Ақмола облысы прокуратурасынан хабарлағандай, жұмыс барысында жалған диплом пайдаланудың 15 фактісі анықталды.Мәселен, орта-арнайы білімі бар педагог қызметкерлер әртүрлі кезеңдерде лауазымдық жалақыларына үстеме алу мақсатында ауданның жалпы білім беретін мектептеріне жоғары білім туралы жалған диплом берген.

«Бастауыш сынып, қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру, математика және еңбек мұғалімдері жалған дипломмен сабақ өткізген. Жалған құжатты қолданғаны үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-бөлігі бойынша 15 мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалды»,- делінген хабарламада.

Кінәсін мойындағанын және өкінетінін ескеріп, сот әр педагогке 10 АЕК (25 250 теңге) көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындады.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы