Ақмола облысында мемлекеттік қызметке іріктеу тікелей эфирде өтті

12 Шілде 2019, 06:35
1687
Бөлісу:
Ақмола облысында мемлекеттік қызметке іріктеу тікелей эфирде өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінен хабарлады. 

Бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметке іріктеу үдерістеріне бақылаушы ретінде қатысу арқылы кадрлық шешімдердің ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз етудің заманауи әдіс-тәсілдерін кеңінен қолдануда.

Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі аппаратының басшысы бос лауазымын иеленуге үміткерлермен тілдесу үдерісі әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде сүйемелденді.

Бұндай әдіс, конкурсқа бақылаушы ретінде қатысқан департамент басшысының орынбасары Райхан Братаеваның айтуынша, мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсетуге, қоғамның сенімін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда орнатылған талаптарға сәйкес келетін кез-келген азамат мемлекеттік органдармен ұйымдастырылатын конкурстық комиссия отырыстарына қатыса алады. Конкурстық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін үміткерлермен тілдесу барысында аудио және бейнежазба жүргізуге арналған техникалық құралдар қолданылады. Сонымен қатар, үміткерлер де өз тарапынан аудио-бейнежазба жүргізуге құқылы. Аталған шаралар мемлекеттік органдардың да, азаматтық қоғамның да ашықтыққа, жариялылыққа және есеп берушілікке дайын екендігін көрсетіп отыр» - деп Райхан Братаева мәлімдеді.

Жыл басынан бері Департамент қызметкерлері конкурстық комиссиялардың 120 отырысына бақылаушы ретінде қатысып үлгерді. Тілдесу үдерістерін тікелей эфирде сүйемелдеу әрі қарай жалғасатын болады.



Өзгелердің жаңалығы