Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 4 қыркүйекте «Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-ға «WhatsApp» мессенджері арқылы Қызылорда облысы Арал ауданы Тоқпан көлінде балықтардың қырылуы туралы ақпарат түскен. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқи отырыңыз:
«Су айдынының жағалауы зерттеліп, 6,4 тонна өлген балық жиналды. Балықтардың түрлік құрамы: 96% - табан балығының шабақтары, қалғаны – торта, қылыш балық, сазан және көксерке балықтарының шабақтары. Экология департаментінің, ветеринарлық қызмет, «Казгидромет» РММ және «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің мамандары лабораториялық зерттеулер мен санитарлық-химиялық талдамалар жүргізу үшін су мен өлген балық сынамаларын алды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта өлген балықтарды жинау және жою жұмыстары жүргізілуде.
Балықтардың қырылу себептері туралы ақпарат лабораториялық зерттеулердің қорытындылары дайын болған соң қосымша хабарланады.