Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Ұлттар лигасының үшінші турында Қазақстан құрамасы Алматыда Албания футболшыларымен кездесті.
Бұл ойында екі құрама сапында да біраз футболшылар командаларына көмектесе алмады. Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан жарақатына байланысты алаңға шыға алмаса, қорғаушы Нұрәлі Әліп коронавирус жұқтырып алған. Одан бөлек, Сергей Малый мен Ян Вороговский де әр түрлі себептермен бұл матчтан тыс қалды.Матчта есеп ашылмады. Қонақтар екінші таймда белсенді болған. Тіпті, Армандо Броя қақпашы Стас Покатиловтан асыра салғанда қатты қобалжыған едік. Абырой болғанда қорғаушы Темірлан Ерланов бос қақпадан допты алып шықты. Сөйтіп, матч 0:0 есебімен бітті.
Біздің топтағы тағы екі команда Беларусь пен Литва да тең түсті (2:2). Төрт құрамада да қазір 6 ұпайдан жинаған. Солардың арасында доп айырмашылығына байланысты Қазақстан көш бастап тұр.
Қазақстан – Албания – 0:0
Қазақстан: Стас Покатилов, Гафуржан Сүйімбаев (К), Олжас Керімжанов, Темірлан Ерланов, Александр Марочкин (Абзал Бейсебеков, 46), Марат Быстров, Айбол Әбікен, Асхат Тағыберген, Исламбек Куат (Юрий Перцух, 69), Абат Айымбетов (Максим Федин, 69), Бактиер Зайнутдинов (Айбар Жаксылықов, 86);
Албания: Этрит Бериша(К), Фредерик Весели, Мараш Кумбула, Берат Джимшити, Кастриот Дермаку, Кейди Баре, Шериф Калаку, Амир Абраши (Казим Ляци, 86), Лоренц Траши (Хюсен Мемола, 82), Армандо Броя, Рей Манай (Таулянт Сефери, 82);
Қазақстан келесі ойынын 14 қазанда сырт алаңда Беларусь футболшыларымен өткізеді.