Әшімбаев: Елбасы жастардың заманға сай дамуына барлық жағдай жасады

29 Наурыз 2019, 21:06
2692
Бөлісу:
Әшімбаев: Елбасы жастардың заманға сай дамуына барлық жағдай жасады

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысына сапары барысында Қобда ауданында болды. 

Онда Бірінші орынбасар «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» әлеуметтік жобалары аясында атқарылған жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, Мәулен Әшімбаев Қобда ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Заман талаптарына сай салынған бұл спорт нысанында бассейн, фитнес және жаттығу залы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар.

Сондай-ақ партия Төрағасының бірінші орынбасары И.Тайманов атындағы Қобда гимназиясына ат басын бұрып, ауданның «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде, партиялық жобасы аясында ашылған ІТ- сыныпта және мектеп асханасында болды. Одан бөлек, кәсіпкерлікке бет бұрған белсенді ауыл жастарымен кездескен Мәулен Әшімбаев елдің болашағы жас буынның қолында екенін айтты.

«Жастар арманшыл болуы керек. Көздеген мақсатқа жету үшін қажырлы еңбек пен табандылық қажет. Елбасы жастардың заманға сай дамуына барлық жағдайды жасап берді», – деді ол.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев Ақтөбе қаласындағы ерекше талаптарды қажет ететін жандарға арналған «Coworking space» орталығында болды. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ашылған бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді. Мұндай орталықтардың кез келген қоғам үшін маңызы зор екенін айтқан партия Төрағасының бірінші орынбасары елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыру Елбасының тікелей тапсырмасы екенін жеткізді.

«Nur Otan» партиясы бұл салада мүмкіндігі шектеулі жандардың инклюзивті білім алуына, олардың жұмысқа орналасуына, саяси-қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына және қоғамда кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты басымдықтар бойынша жұмыс істеуде. Бұл істе Ақтөбеде ашылған осындай орталықтардың тигізер әсері мол. Сондықтан оны еліміздің барлық өңіріне үлгі ретінде көрсетеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.


Өзгелердің жаңалығы