Әбілхан Аманқұл: Президент кубогында топ жаруды көздеп отырмын

9 Шілде 2019, 20:05
3460
Бөлісу:
Әбілхан Аманқұл: Президент кубогында топ жаруды көздеп отырмын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Қазақстан чемпионы, Азия ойындарының және әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлға өткен жылдың соңында Германияда ота жасалған болатын. Содан кейін ұзақ уақыт жарыстарға қатысқан жоқ. Енді, 15 шілдеде басталатын Президент кубогында бақ сынамақ. Халықаралық дода алдында боксшымен жолығып, аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

Естеріңізде болса, Әбілхан былтыр күзде Ақтауда өткен Қазақстан біріншілігінің финалында екі рет иығын шығарып алған еді. Аталған жарақат боксшының жолына кедергі болып жүрді. Сосын Германияға барып, ота жасатып қайтты. 

– Жалпы, қазір денсаулыңыз қалай? Азия чемпионатына да барған жоқсыз...
– Алты ай көлемінде ешқандай жарысқа барған жоқпын. Демалдым, ем қабылдадым. Қазір бәрі жақсы. Жақында Атырауда Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы атындағы халықаралық турнир өтті. Соған қатысып, 81 келіде чемпион болып қайттым. Үш жекпе-жек өткіздім. Барлығы да сәтті болды.
– Ал отаны қайда жасаттыңыз?
– Отаны Германияда жасаттым. Сосын 10 күндей Австрияда сауықтыру рәсімінен өттім. Одан кейін елордада бір ай ем қабылдадым.

– Сізге емнің ақысын кім төлеп берді?

– Барлық ем-домның ақысын Қазақстан бокс федерациясы көтеріп берді. Сондықтан оларға алғысым шексіз.

– Шетелде демалу бөлек те, емделу басқа. Қандай қиындықтар кездесті?

– Германияның Мюнхен қаласында ота жасалды. Ол жақта жалғыз жаттым. Тіл жағынан сәл қиындық туындады.

– Алда Президент кубогы бар. Осы жарысқа дайындығыңыз қалай?

– Өз бабыма келдім деп ойлаймын, Аллаға шүкір. Әрбір жарысқа қатысу кез келген спортшының арманы ғой. Бұйырса, чемпион болу үшін аянып қалмаймыз.

– Бапкерлер Президент кубогында сыннан сүрінбей өткендерді әлем чемпионатына алып барамыз деп жатыр. Бұған не айтасыз?

– Әрине, дұрыс деп санаймын. Әлем біріншілігіне кім мықты, сол бару керек қой. Барлық жағынан дайынбыз.

– Әлем чемпионатында (2017, Берлин), Азия ойындарында (2018, Джакарта) финалда ұтылдыңыз. Осы жолы чемпион болуды көздеп отырған боларсыз?

– Қандай дода болмасын чемпион болуды мақсат тұтамыз. Бұл жолы да солай. Әлем чемпионаты Ресейдің Екатеринбург қаласында өтеді. Басты қарсыласым ретінде украиналық Александр Хижнякты айтамын. Екі жыл бұрын Германияда өткен әлем чемпионатының финалында соған ұтылғанмын. Одан бөлек, өзбек және Куба боксшысы бар. Жалпы, барлық қарсыласқа бірдей дайындаламыз. Ешкім осал емес.

BOXL3790.jpg

– Былтыр Азия ойындарының финалында өзбек Исраил Мадримовтан жеңілдіңіз. Ол боксшының сізден қандай айырмашылығы бар?

– Исраилдың әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ. Физикалық және техникалық шеберлігі тұрғысынан да менен артық емес. Ол жолы сәттілік жолдас болмады деп ойлаймын. Сол жолы қарсыласымның бағы жанды.

– Соңғы жылдары өзбек боксының тасы өрге домалап тұр. Мұның сыры неде?

– Әрине, физикалық жағынан әлеуеттері жоғары. Алайда, айғайлатып айтатындай ештеңесі жоқ. Сол бұрынғы деңгей деп ойлаймын.

– Өзбек боксшылары агрессияға бейім келеді. Бірден салған жерде жұдырықтаса жөнеледі. Өзіңіз қандай тактиканы қолданасыз?

– Бокс төбелес емес. Қарсыласты басында зерттеп алғанды тәуір көремін. Техникасын, тактикасын байқаймын. Алғашқы 30 секундты көбінесе андысумен өткіземін. Сосын іске бел шеше кірісемін.

Бокстан Президент кубогыне қатысатын боксшылар тізімі:

52 келі– Әнуар Мұзапаров;
57 келі–  Қайрат Ерәлиев
63 келі – Зәкір Сафиуллин, Санатәлі Төлтаев;
69 келі – Асланбек Шымбергенов, Абылайхан Жүсіпов;
75 келі –Тұрсынбай Құлахмет, Әбілхан Аманқұл, Талғат Шайкен;
81 келі – Нұрбек Оралбай;
91 келі – Василий Левит, Айбек Оралбай;
+91 келі – Қамшыбек Қоңқабаев.
Өзгелердің жаңалығы