Қазақстанның соңғы жаңалықтары

996 марқұмға көрсетілген қызмет: ӘМСҚ деректері тергеуге жолданады

Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет медициналық қызметтерді қаржыландыру жүйесіне жүргізілген талдау нәтижелерін құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, Қаржы министрлігі жүргізген тексерулер барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) арқылы бөлінген қаражатты пайдалану кезінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталған. Олардың қатарында жалған пациенттерді тіркеу, қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсету, бір қызметтің бірнеше рет қаржыландырылуы және дәрі-дәрмектерді негізсіз есептен шығару деректері бар.

Мәселен, тексеру барысында 996 қайтыс болған адамға қатысты 3 640 медициналық қызмет көрсетілгені тіркелген. Сондай-ақ жынысына сәйкес келмейтін скринингтердің жүздеген мың жағдайы анықталып, олардың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асқаны белгілі болды, - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет бұл фактілердің барлығы тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, қаржыны мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін жою үшін медициналық қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау қажеттігі атап өтілді.

Бұған дейін Үкімет ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің қарамағына бергені жайлы жаздық.

Өзгелердің жаңалығы