Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан Ұлттық Банкі мен екінші деңгейлі банктер 408 150 теңгенің қолдан жасалған 139 ақша белгісін (136 банкнот пен 3 монета) анықтады.
Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз көрсеткіш (340 жалған ақша белгісі). Көп жағдайда номиналы 2 000 теңгелік банкноттар (97 дана) қолдан жасалған. Олар жалпы көлемнің 70%-ын құрайды. Номиналы 5 000 теңгеліктен – 15 дана (11%), 10 000 теңгеліктен – 10 дана (7%) ақша қолдан жасалған. Қалған 9%-ы өзге номиналдағы банкноттарға тиесілі.
Жалған банкноттардың көп бөлігі Алматыда – 68 дана (жалпы көлемнің 51%-ы), Нұр-Сұлтан қаласында – 16 дана және Шығыс Қазақстан облысында – 29 дана анықталды. Қазақстан Ұлттық Банкі түпнұсқа банкноттарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым қағидалардың бар екенін еске салады. Банкноттарда бедер тудыратын арнайы мөр бар.