9 жасар жазушы немесе ертекші Ералы

1 Наурыз 2023, 12:05
1884
Бөлісу:
9 жасар жазушы немесе ертекші Ералы
PHOTO
Фото: дереккөз

Өскемендік ойы озық, қаламы ұшқыр тоғыз жасар жазушы Ералы Пазылбекұлының алғашқы ертегілер жинағы жарық көрді, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Қаламды серік еткен қаршадай баланың тақырыптары тартымды. Қалам ұшындағы бала қиялының басқаларға үлгі боларлық тұсы көп екенін көруге болады. Жас қаламгердің алғашқы ертегілер жинағына «Ғажайып саяхат», «Кітаптар мұңы», «Ғажайып қалам», «Судың да сұрауы бар», «Айымның қателігі...», «Үшінші бала», «Екі дос»,  «Жанашырлық», «Көгершіннің балапандары», «Менің әпкем» қатарлы шығармалары енген. Ералы мектептегі өзі сияқты балалардың қызық та қилы өмірлерін, бойжетіп кеткен әпекесінің балалық шағын, ел тарихын, тіпті өзінің кішкентай жүрегімен қазіргі экологиялық проблемаларға да алаңдай отырып оны өз шығармаларына арқау еткен екен. 

9 жасар жазушы немесе ертекші Ералы

Қазақстандағы ең жас жазушы Ералы болу керек. Жалпы қоғамда сана-сезімі ертерек дамитын жандар көп кездеседі. Ералы солардың бірі болуы керек деп ойлаймын. Біздің көбіміз 9 жасымызда ертегі жазғанды қойып, оқыған шығарманы мазмұндап әрең айтатын едік. Бүгінгі таңда осындай озық ойлы балалар өсіп жатса, қуануымыз керек. Әуелі бұл – жастар арасындағы әдебиетке деген бетбұрыстың бар екендігінің көрінісі. Бұл баланың болашағы әлі алда деп ойлаймын. Сондықтан шығармашылық шабыт тілеймін, – деді қаламгер, Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев. 

Иә, озық ойлы жастар шығып, әдебиетке оқырман тартып жатса, руханият көшінің алға жылжығаны деп білген жөн шығар.  Жалпы Ералы кітапты 4 жасынан бастап оқи бастаған екен.  Болашақ жазушы 2018 жылы Глубокое ауданының Д. Қонаев атындағы орта мектебінің 1-сыныбына оқуға барған. Қазіргі кезде 4-сыныптың оқушысы. Жас қаламгердің талантымен танылып жүргендігін жетістіктеріне қарап-ақ бағалауға болатындай. Ол «Республикалық балалар оқулары» байқауының ІІІ орын иегері атанып, көп кітап оқитын 3-12 жасар балаларды анықтауға арналған «SUPER Б’АЛАҚАЙ» жобасына да қатысып көріпті. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында облыстық Пушкин кітапханасы ұйымдастырған облыстық «Ертегілер – ғажайып әлем» атты сайыстың жеңімпазы атанған.

9 жасар жазушы немесе ертекші Ералы

Міне, осыдан-ақ 9 жасар Ералының руханиятқа әуел бастан әуес екенін байқауға болады. Ералының қатарластары шығарма жазбаса да, жазылған шығарманы оқыса ғой деген ой келеді. Өйткені сөз өнерінде тәрбие мен тәлім, білім мен білік, ар мен ұят қатарлы қажетті құндылықтардың бәрі бар. Оны бойға сіңіріп өскен баланың болашақ қадамы баянды болмақ. Ал біз шығарманың машықтан туатынын ескерсек, жас қаламгердің бүгін болмаса да, болашақта классикалық шығарма жазарына сенім арта аламыз. Сондықтан жас жазушыға сәттілік тілейміз. 

Өзгелердің жаңалығы