9 млрд жұмсалды, 41 мың адам тістелді: Қаңғыбас ит мәселесі неге шешілмей тұр?

Қаңғыбас иттерді аулауға соңғы үш жылда шамамен 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

 BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 09:10
Бүгiн 2026, 09:10
145
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қаңғыбас иттер мәселесі ушығып тұр: Тек 2025 жылдың өзінде ел бойынша 276 мыңнан астам ит ауланып, 41 мыңнан аса адамға шабуыл жасау дерегі тіркелген. Бұл ретте мәселені шешуге соңғы үш жылда шамамен 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда миллиардтаған қаржы мен қабылданған шараларға қарамастан, қаңғыбас жануарлардың саны да, олардан келетін қауіп те азаймай отыр. BAQ.KZ тілшісі ресми органдардың деректеріне сүйене отырып, мәселенің қазіргі ахуалын зерделеп көрді.

Астанадағы жағдай: 8 мыңнан астам ит ауланған

Астана әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы елордада 8 019 қаңғыбас және қараусыз ит ауланған. Оның ішінде 2 мыңнан астам жануар стерилизацияланған, ал эвтаназия қолданылмаған.

Қазіргі уақытта қалалық питомниктерде 3 мыңға жуық ит бар. Барлық жануар міндетті түрде микрочиптеліп, «Таңба» бірыңғай базасына тіркеледі. Жыл басынан бері iKomek 109 арқылы 1300 өтініш түскен, барлығы қаралды, - дейді әкімдіктің ресми жауабында.

Әкімдіктің мәліметінше, қаңғыған жануарларды аулау жұмыстарын «Астана ветсервис» КМК жүргізеді. Жануарлар алдымен ветеринарлық тексерістен өтіп, кейін панажайларға орналастырылады.

Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Бұл жұмыстар аулау, уақытша ұстау, стерилизациялау, вакцинациялау және халық арасында түсіндіру шаралары арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда ұстау - стерилизация - вакцинация - босату әдісі қолданылып келеді, - делінген Экология министрлігінің жауабында.

Заң не дейді: Иттерді атуға бола ма?

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда қаңғыбас жануарларды жаппай жоюға тыйым салынған. Нақтырақ айтқанда, у мен химиялық заттарды қолдануға болмайды, кез келген тәсілмен жаппай жансыздандыруға тыйым бар.

Алайда жануар адамға шабуыл жасаса, өмір мен денсаулыққа қауіп төндірсе, ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Егер қоғамдық қауіпсіздікке қатер болса жануарды жансыздандыруға жол беріледі, - дейді министрлік.

Қазақстан бойынша статистика: Қауіп артып отыр

Экология министрлігінің дерегіне сәйкес, соңғы жылдары қаңғыбас иттер саны ғана емес, шабуыл фактілері де көбейген. 2025 жылы 276 282 ит ауланып, 34 869-і стерилизацияланған. Ал 234 165 ит жансыздандырылды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен көп. 2024 жылы 269 480 ит ауланып, 228 954 ит жансыздандырылған екен.

2025 жылы қаңғыбас иттердің адамдарға шабуыл жасаған 41 366 жағдайы тіркелді. Оның ішінде: 23 134 – қаңғыбас иттер,18 232 – иесі бар иттер, - делінген министрлік мәліметінде.

Бұл көрсеткіш мәселенің тек көше жануарларымен шектелмейтінін көрсетеді.

Миллиардтар бөлінеді: Нәтиже бар ма?

Қаңғыбас жануарларды реттеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

Министрлік мәліметінше аталмыш мәселені шешу үшін 2023 жылы - 3,5 млрд теңге, 2024 жылы – 2,5 млрд теңге, 2025 жылы – 3 млрд теңге бөлінген.

  Алайда нақты өңірлер бойынша қаражаттың қалай игерілгені туралы дерек жоқ.

Өзгеріс қажет пе?

       Карантиндік шаралар мен стерилизациядан кейін, қараусыз жануарлар жиі топталып, азық іздеу немесе мекендеу орнын қорғау кезінде адамды қауіпті көз ретінде қабылдап агрессия көрсетеді. Қаңғыбас жануарлар жол-көлік оқиғаларының себебі болады, ауыл шаруашылығы малдарына шабуыл жасайды, жануарлар дүниесіне зиян келтіреді.

       Осы тұрғыда Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанда қаңғыбас жануарларға қатысты қолданылып отырған оларды табиғи ортасына қайта жіберу жүйесі халықтың қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмай отырғанын айтады.

  Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарының бастамасымен үй жануарларын 5 күн бойы, ал иесіз жануарларды 60 күнге дейін уақытша ұстау орындарында немесе панажайларда ұстауды көздейтін түзетулер қарастырылуда, - дейді министрлік.

Аталмыш заң жобасы бүгінгі күні ҚР Мәжіліс депутаттарымен қаралуда.

  Ал Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы еріктілермен бірлесіп иттерді ұстау және серуендету қағидалары бойынша рейдтер, түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

  2026 жылы 3 000 қаңғыбас жануарды стерилизациялау, 5 000 астам қаңғыбас жануарды вакцинациялау жоспарланып отыр, - дейді жауапты орган.

Ресми деректерге сәйкес, қаңғыбас иттер мәселесі тек гумандық тәсілдермен шешілмей отыр. Ал жыл сайын бөлінетін миллиардтаған қаржыға қарамастан, иттердің саны да, шабуыл фактілері де азаймай отыр. Бұл мәселені жүйелі түрде қайта қарау қажеттігін көрсетеді.

Наверх