Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.9 маусым күні сайлау учаскелерінде мобильді ХҚО-лар ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтандағы елордалық сайлау комиссиясының өкілдері үшін өткен семинарда қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.
«Дауыс беру күні 204 ашық сайлау учаскесінде мобильді ХҚО ашылады. Егер сайлаушы өз есімін тізімнен таппаса, мекенжай анықтамасын алып, қалада тіркеуде бар екені расталған соң дауыс бере алады. 2 маусымнан бастап мобильді ХҚО сынақ режімінде іске қосылады», – деді Ерлан Қаналимов.
Бүгінге дейін дауыс беруге ниет білдіріп отырған мыннан аса тұрғынның өтініші түсті.
«Бұл азаматтар бойынша деректер тұрақты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығару үшін өңірлерге жіберілді. Бұл қайта дауыс беруді болдырмау үшін жасалып отыр», – деді қала әкімінің орынбасары.
Қазіргі уақытта жабық учаскелердегі сайлаушылардың тізімі 11 мыңнан асады, ал ҚР-ның шетелдегі өкілдіктерінде – 12 мың адам. Сайлаушылар тізіміне 651463 адам енгізілді. Алдағы сайлауда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету үшін көбірек көңіл бөлінді.
«Сайлау учаскелерінің бәріне пандустар орнатылған. Әрбір ашық учаскеде дауыс беруге арналған 4 стандартты және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 1 кабинадан орнатылған. Жабық сайлау учаскелері екі стандартты кабинамен жабдықталған және мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кабиналар орнатылған. Бұл кабиналар арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған», – деді Қаналимов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы 9 маусымда өтеді. Қалада 238 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 204-і – ашық, 34-і – жабық учаске, сондай-ақ, 65 учаске ҚР-ның өзге елдердегі елшіліктерінде орналасқан.