85 мың ЭЦҚ онлайн түрде алынды

7 Сәуір 2020, 13:51
3244
Бөлісу:
85 мың ЭЦҚ онлайн түрде алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді.


Бүгін ҚР презденті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен төтенше жағдай кезіндегі интернеттің және электрондық үкіметтің жұмысына арналған онлайн-брифингте ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу жолдарын айтты.
ХҚКО-ның жабылуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, ЭЦҚ-ны қалай алуға болады деген сұрақ туындады. Біз бұл мәселені шештік. Қазір ЭЦҚ-ны электрондық түрде тұлғаны биометриялық сәйкестендіру және бірреттік пароль арқылы алуға мүмкіндік бар. Бұл механизм іске қосылды және бүгінгі күні 85 461 жеке тұлға ЭЦҚ алған, - деді ол.
Сонымен қатар, вице-министр жақында заңды тұлғалар үшін де ЭЦҚ алудың осындай тәсілі іске қосылғанын жеткізді.
1337 заңды тұлға өздерінің электронды цифрлық қолтаңбаларын қашықтан алған. ЭЦҚ компьютерде файл арқылы алынған болса, оның әрекет ету мерзімі бір жыл. Егер қолтаңба жеке куәлікке тіркеу арқылы алынса, онда мерзім үш жылды құрайды. Біз мәліметтер базасы арқылы қазіргі уақытта 10 млн белсенді ЭЦҚ азаматтардың қолында екенін көріп отырмыз. Азаматтар ЭЦҚ қайда екенін ұмытып қалып, жаңасын алғысы келген жағдайда да тиісті шаралар қолға алынады, - деп атап өтті Оспанов.

Вице-министр қолтаңбаны электронды форматта алудың екінші механизмі біреттік құпиясөз арқылы алу екенін айтты.
Мұны жүзеге асыру үшін азаматтың телефон нөмірі электронды үкімет базасында тіркелген болуы қажет. Бүгінде 8 миллиондай нөмір тіркелген. Бұл мәліметтер алты жылдан бері жиналып келеді. Тіркеуді азаматтар орталықтарға келіп жүгінбей-ақ, үйде отырып іске асыру үшін біз  сұраныс түріндегі механизмді іске қостық. Бұл үшін 800-дей операторды жұмылдырдық. Төтенше жағдай кезеңінде 43 мың нөмір азаматтардың мобильді базасында тіркелген,-деді ол.

Еске сала кетейік, тұрғындардың қызметтерді электронды түрде кедергісіз алуы үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығының операторлары саны 200-ден 2000-ға дейін ұлғайтылды.


Өзгелердің жаңалығы