8-сынып оқушысы «Елбасы медалінің» иегері атанды

15 Наурыз 2021, 20:50
1935
Бөлісу:
8-сынып оқушысы «Елбасы медалінің» иегері атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Камила Шайпранова «Елбасы медалінің» иегері атанды.

«Елбасы медалі» - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. 

Бағдарлама туралы кураторы Нұратаева Iңкəр Мирхатқызынан естіген Камила Шайпранова да алты ай бойы жоба тапсырмаларын орындап келді. Жас ерекшелігіне байланысты таңдалған «Қола» деңгейі келесі бағыттарды қамтиды: «Спорт және дене шынықтыру», «Дарын мен дағды», «Еріктілік», «Кітап оқу», «Ұлттық мұра» және «Туристік саяхаттар».

«Спорт және дене шынықтыру» бағыты бойынша Камила әр таң сайын фитнес және йогамен айналысты. Камиланың айтуынша, спортпен шұғылдану оған жігерлі болуға және рухын көтеруіне үлкен көмегін тигізді. 

Әр апта сайын кондитерлік тағамдар әзірлеген Камила Шайпранова, «Дарын мен дағды» бағыты бойынша аспаздық дағдыларын дамыта алды. Енді ол отбасы мүшелерін күнде тәтті тағамдармен қуантатын болады.

Үш ай бойы аптасына екі рет ол құрбысына тегін сабақ беріп, оның ағылшын тілі деңгейін жоғарылатуға септігін тигізді. Еріктілік танытып, көмек қолын созған Камилаға құрбысының айтар алғысы мол.

Бағдарлама аясында жас зияткер әлем және қазақ әдебиетінің, тұлғалық өсу және өзін-өзі дамыту кітаптарын оқып шықты. «Ұлттық мұра» бағыты бойынша Камиланың таңдауы Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романы мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи эпопеясын оқуға түсті.

Біз өзіміздің шығармашылық шеберлігімізді дамыттық, қазақ мәдениеті туралы білдік, волонтерлікпен айналыстық. Бұл бізді отансүйгіштікке баулиды. Қазір мен осындай сынақтан өткенім үшін өзімді мақтан тұтамын. Мен үшін бұл жоба уақытты тиімді пайдалануға және оқуды басқа іс-шаралармен үйлестіруге көмектесті, сонымен қатар, жоба аяқталғаннан кейін мен апта сайын спортпен шұғылдану және кітап оқу сияқты жаңа әдеттерге ие болдым. Әйтеуір өз медалімді алдым. Отбасым, жақындарым мені мақтан тұтады. Күміс, алтын деңгейлі медалін алу үшін ары қарай жұмыстануды жалғастырғым келеді, - дейді Камила Шайпранова.

Бұл күндері Қазақстанның барлық өңірінде қола деңгейіне қатысушыларды «Елбасы медалімен» марапаттауға арналған салтанатты іс-шаралар өтуде. Нұр-Сұлтан қаласында 165 қатысушы жоба жеңімпазы атанды. 6 ай бойы өзін-өзі дамытып, кітап оқып, ерікті атанып, спортпен шұғылданған жастарды марапаттау Оқушылар сарайында өтті.

Өзгелердің жаңалығы