8 наурыз қарсаңында Шымкентте "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иелері 21 625 теңгеден төлемақы алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мерекелік қолдау мегаполисте 2026 жылдың 8 наурызына дейін тұрақты тіркеуде тұрған «Алтын» және «Күміс» алқалардың, «Батыр ана» атағы мен I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлеріне көрсетіледі. Жалпы қала бойынша 14 267 ананы қаржылай қолдау жоспарланған. Бір реттік төлем мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіш – 21 625 теңгені құрайды. Қаржы жергілікті бюджет есебінен бөлінген. Алқа иелерінің тізімі «Азаматтарға арналған үкіметтің» деректерінен алынды, - деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға 10 813 теңгеден берілетіні хабарланды.
Сондай-ақ, Ұлытау облысында көпбалалы аналарды қолдауға 188 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген хабарланып, бұл өңірде 8 наурыз қарсаңында 9 мыңнан астам көпбалалы анаға 20 мың теңгеден берілетіні айтылды.
Ақмола облысында да мерекеге орай 3 849 көпбалалы анаға жалпы сомасы 73,9 млн теңгеге төлемақы қарастырылған.