Vita іздеу жасағының волонтерлары Павлодар облысында 8 айлық баланың өліміне қатысты дабыл қақты, деп хабарлайды BAQ.KZ Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Олар жергілікті тұрғындардың сөзін алға тарта отырып, нәресте аштықтан көз жұмғанын, сондай-ақ бұл отбасындағы қалған балалардың да жағдайы мүшкіл екенін айтады.
Павлодар-онлайнның ақпараты бойынша, денсаулық сақтау басқармасы Шідерті ауылындағы бала өлімі фактісін растады.
Жедел жәрдем шақырту бойынша оқиға орнына 17 қарашада келген. Қоңырау шалушы баланың тыныстамай жатқанын айтқан. Шақырту бойынша аталған мекенжайға жеткен дәрігерлер бала өлімін тіркеді.
Бала денесі сот-медициналық сараптамадан өткізілді. Баланың салмағы жасына сәйкес келмейтіні анықталды. Өлімнің түпкілікті себебі гистологиялық зерттеу нәтижелері белгілі болғаннан кейін анықталады, – деді денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Бала 2023 жылы наурызда дүниеге келген. 4,5 айға дейін ол Павлодардағы №3 емхана дәрігерлерінің бақылауында болған.
Бір жыл бойында ай сайын жоспарлы тексерулер бойынша медбике үйіне барып отырған. Невропатолог пен хирургтың тексеру жазбаларына сәйкес, баланың денсаулығы жақсы болған. Шілде айында әйел балаларымен бірге Ақтоғай ауданына көшіп кеткен. Баланың анасы тұрғылықты жерін жиі ауыстыратын. Баланың әжесінің айтуынша, қызы мен баласы алғаш рет тамыз айының соңында Шідерті ауылына келген. Баланың анасы медициналық көмекке жүгінбеген. Медициналық ақпараттық жүйедегі деректер бойынша қоңыраулар мен активтер тіркелмеген, - деп хабарлады басқарма.
Бүгінгі күні Денсаулық сақтау басқармасы осы өлім жағдайы бойынша тексеру жүргізуде.