78 қазақстандық өсімдік шаруашылығы кәсіпорны ҚХР БКБ-ның аккредитациясынан өтті

Бүгiн, 08:29
215
Бөлісу:
78 қазақстандық өсімдік шаруашылығы кәсіпорны ҚХР БКБ-ның аккредитациясынан өтті
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

2024 жылдың қараша айында Бейжіңде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен ҚХР Бас кеден басқармасы (ҚХР БКБ) басшылығы арасындағы келіссөздер нәтижесінде уақытша жұмыс тобы құрылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған жұмыс тобы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығаруды кеңейту бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін құрылған.

Жұмыс тобының отырыстары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР БКБ өкілдерінің қатысуымен 2024 жылдың 25 желтоқсанында және 2025 жылдың 10 қаңтарында өтті.

Келіссөздер нәтижесінде қытай тарапы 78 қазақстандық өсімдік шаруашылығы кәсіпорнын аккредитациядан өткізу туралы оң шешім қабылдады. Тіркеу процесі тиісті рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады және ҚХР БКБ жанындағы Жануарлар мен өсімдіктер карантині департаментінің ресми сайтында (http://dzs.customs.gov.cn) кезең-кезеңімен жарияланады.

Сонымен қатар, алғашқы отырыста қытай тарапы Қазақстаннан Қытайға қант қызылшасының сығындысын экспорттау, құс етін экспорттау бойынша хаттамалар жобаларына, сондай-ақ союға арналған ірі қара малға және ірі қара малдың терісіне арналған ветеринариялық сертификаттарға ұсыныстар мен түсініктемелер енгізді.

ҚР АШМ Қытайдың ветеринариялық және карантиндік талаптарына сәйкестікті тексеру, CIFER жүйесімен жұмыс істеу бойынша Қазақстанның ветеринариялық және фитосанитариялық қызметкерлерін оқытуға сұрау салды. Бұл оқыту қазақстандық мамандардың Қытайдың ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын экспорттық талаптарының ерекшеліктері туралы хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс тобының екінші отырысында ҚХР БКБ өкілдері қазыны (қазақтың жылқы етінен жасалған өнімі) импорттауға қызығушылық білдіріп, ҚР-нан Қытайға қазы экспортын ашу процедураларын жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, бұл жұмыс тобы және ҚХР БКБ басшылары деңгейінде өткен келіссөздер қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына экспорттау мәселелерін ілгерілету бойынша диалогты жандандыруға ықпал етті.

Жұмыс тобының келесі отырысын 2025 жылдың ақпан айында ҚР АШМ мен ҚХР БКБ басшыларының орынбасарлары деңгейінде бетпе-бет форматта өткізу жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы