Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жәбірленушімен жұмысты ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды. 2020 жылы әйел-тергеушілердің мамандығы енгізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ішкі резерв есебінен олардың санын екі есеге көбейттік. Енді, бұндай лауазымдар әрбір аудандық полиция бөлімшесінде бар, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, жалпы, бұл бағытта министрлік 50 үкіметтік емес ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатыр.
Зардап шеккендерді әлеуметтік оңалтуға 57 кризис орталығы көмек көрсетеді. Биыл полиция өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді осы орталықтарға жіберді. Олардың 2 мыңнан астамы баспанаға орналасты. Дегенмен, орталықтардың саны жеткіліксіз. Мысалы, Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 11 мың хабарлама келіп түскен. Ал, ол жерде тек бір ғана кризис орталығы бар. Абай және Қызылорда облыстарында мүлдем жоқ. Әкімдіктер өңірлерде орталықтардың жұмысын ұйымдастыруды және осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту мәселесін қолға алу керек, - деді министр.