Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімдігі Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай #ешкімдеештеңедеұмытылмайды хэштегімен қазақ және орыс тілдерінде акция-челлендж бастады.
Жоба шеңберінде облыс әкімі баспасөз қызметінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі ZhetysuPress ресми парақшасында осы шараға қатысуға ниет білдірген облыс тұрғындарының бейнеқұттықтауы жариялануда. Бүгінгі күнге бейнероликтердің саны 50-ден асты.
Бұл жоба жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, бірліктің маңызын насихаттауға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сол зұлмат соғыс жылдарының ауыртпалығын қайыспай көтерген барша жандарға алғыс білдіруге бағытталған. Шартына сәйкес аталған акция-челленджге облыстың кез келген тұрғыны қатыса алады. Ниет білдірушілер ардагерлерге алғыс айтып, Жеңіс күніне орай құттықтау тілегін арнап, ән салып, өлең оқып, соғысқа қатысқан туыстары туралы естеліктер айтуда – делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде парақшаға облыс тұрғындарының 50-ден астам бейнежазбасы орналастырылған, олардың ең кішкентайының жасы 4-5-терде. Бейнероликтердің жалпы қаралымы 40 мыңнан асты, 1 мыңнан астам пікірлер жазылды, соның ішінде жекелеген роликтер 1700-ден астам рет қаралған.
Бейнеқұттықтаулар әлі де көптеп түсуде, акция 8 мамырға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша ең көп қаралым жинап, танымалдыққа ие болған бейнеқұттықтау 9 Мамыр күні акция-челленджге белсене қатысқаны үшін алғыс білдіріліп, парақшаға қайталай орналастырылатын болады.